Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Шерзат Болаттың өліміне қатысты қылмыстық іс жақын күндері сотқа жіберілетінін мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Алайда негізгі сот процесі қашан басталатыны туралы нақты ақпарат берілмеді.
“Шерзат Болатқа қатысты іс қазір прокуратурада зерделеніп жатыр. Осы аптада сотқа жолданады деп күтіп отырмыз. Бұдан әрі бұл іс соттың құзырында болады. Судья тағайындалып, басты сот талқылауын жүргізеді. Алдағы уақытта сот өкілдері толыққанды түсініктеме береді деп ойлаймын”, – деді Әділов.
Бұған дейін қылмыстық істі тергеу аяқталған еді. Тергеу материалдарының жалпы көлемі 62 томға жетті. Оның ішінде жиналған дәлелдер, сараптама қорытындылары, жауап алу хаттамалары және басқа да маңызды материалдар бар.
Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанда Талғарда 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат қаза тапты. Араға біраз уақыт салып Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев та өлі табылды.