Қазақстандықтардың банк шоттары не себепті жиі бұғатталады және одан қалай сақтануға болады?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктегі шоттардың бұғатталу себептерін түсіндіріп, шотты ашудың жолдарын айтып берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шоттың бұғатталуына әкелетін негізгі себептер:
- Алаяқтық белгілері бар немесе заңсыз ақша аударымдарына қатысты күдік (мысалы, шетелден жиі әрі ірі көлемдегі қаржы аударымдары);
- Мемлекеттік органдардың, атап айтқанда Мемлекеттік кірістер комитеті, сот орындаушылары, Қаржы мониторингі агенттігі сияқты мекемелердің ресми сұрауы;
- Банктің техникалық ақауы мен қателіктері;
- Банктік карта иесінің ПИН-кодты бірнеше рет қате енгізуі немесе картаның жарамдылық мерзімінің өтуі.
Шотыңыз бұғатталса, қандай әрекет жасау керек?
Шоттың не үшін бұғатталғанын ең алдымен банк қосымшасынан немесе колл-орталық арқылы анықтауға болады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алдымен банкке хабарласып немесе жақын жердегі бөлімшеге барып, себептерді анықтауға кеңес береді.
Сондай-ақ eGov порталы арқылы мемлекеттік қарыздарыңыздың бар-жоғын тексеру де маңызды. Егер бұғаттау қаржы аударымдарына қатысты күмән тудырса, қаражаттың заңды екенін растайтын құжаттарды дайындау қажет.
Шоттың бұғатталуын болдырмау үшін не істеу керек?
- Жеке есепшоттарды кәсіпкерлік мақсаттарға пайдаланбаңыз;
- Банкке алдын ала ескертіп, әдеттен тыс немесе үлкен көлемдегі операциялар туралы хабарлаңыз;
- Өз деректеріңізді үнемі жаңартып отырыңыз;
- Қарыздар мен міндетті төлемдерді уақытында төлеңіз.
Еске салсақ, бұған дейін Қаржы министрлігі мобильді аударымдарға қатысты маңызды мәлімет таратқан еді. Телефонға ақша қабылдап үйренген қауым үшін аталған жаңалық ауыр соққы болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







