Қазақстанда 1 шілдеден бастап «кредит сүзгісі» деп аталатын екі көрсеткіш қарыз жүктемесі коэффициенті (ҚЖК) мен қарыз бен табыс қатынасы коэффициенті (ҚТҚ) міндетті түрде есепке алынбақ деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, аталған шара азаматтарды шамадан тыс несие алудан қорғап, банк секторындағы тәуекелдерді азайту үшін қолға алынуда.
Кредит сүзгісінің негізгі көрсеткіші ҚЖК азаматтардың табысы мен олардың ай сайынғы несие төлемдері арасындағы тепе-теңдікті реттейді. Қазіргі тәртіп бойынша, бұл көрсеткіш 50%-дан аспауы тиіс. Мысалы, азаматтың айлық табысы 300 мың теңге болса, ай сайынғы төлемдер 150 мың теңгеден аспауы керек. Әйтпесе, банктер жаңа несие беруден бас тартуға мәжбүр.
Ұлттық банктің дерегінше, ҚЖК енгізілгеннен бері несие төлеу қабілеті төмен азаматтардың қосымша қарыз алу жағдайлары азайған. 2025 жылы бұл көрсеткіштің есептеу әдісі жетілдіріліп, табысты әдейі өсіріп көрсету мүмкіндіктері жабылды.
Кредит сүзгісінің екінші маңызды көрсеткіші ҚТҚ. Ол азаматтың жылдық табысына қатысты оның барлық жинақталған қарыз көлемін көрсетеді. Бұл коэффициент былтырдан бастап мониторингтік режимде сыналып жатыр. Мамандардың пікірінше, ҚТҚ банкке адамның ұзақ мерзімді қарыз төлеу қабілетін шынайы бағалауға мүмкіндік береді.
«ҚТҚ халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады. Оның басты мақсаты азаматтарды банкроттықтан қорғап, банктерді жауапты несие саясатын жүргізуге ынталандыру», – деп түсіндірді Ұлттық банк мамандары.
Неге дәл осы «кредит сүзгісі» қажет?
Соңғы жылдары Қазақстанда тұтынушылық несие көлемінің күрт өсуі байқалды. Ұлттық банктің деректеріне сүйенсек, 2023 жылы азаматтарға берілген тұтынушылық несие көлемі 41,3%-ға, ал 2024 жылы 23,8%-ға өскен. Бұл банк жүйесінде несиеге байланысты тәуекелдерді арттырып, әлеуметтік шиеленістерді тудыру қаупін де күшейткен. Осыған байланысты, несие нарығындағы қызу белсенділікті төмендету үшін қосымша шаралар қабылдануда.
«Кредит сүзгісі» шараларының арқасында тұтынушылық несие нарығы біршама тұрақтанды. 2025 жылы несие беру қарқыны 10%-ға дейін төмендеді. 2026 жылғы 1 наурыздағы дерек бойынша, жылдық өсім небәрі 6,8%-ды құрады, бұл әлдеқайда тұрақты деңгейге жақын.
Несие алу қиындай ма?
Жаңа талаптардың енгізілуімен енді азаматтарға несие алу оңайға түспейді. Банктер клиенттің кірісі мен шығысын мұқият тексеретін болады.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, табыстың мөлдірлігі маңызды рөл атқарады. Ресми табысы бар, аударымдары айқын азаматтарға несие алу жеңілдей түседі. Ал табысын қолма-қол ақша түрінде алып, ресми түрде көрсетпейтін азаматтарға несие берілуі қиындайды.
Кредит сүзгісі енгізілгеннен кейін банктер қарыз алушыларға қатаң талаптар қоя бастайды. Себебі, банктердің басты міндеті қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және азаматтардың несиеге батып, қарыздарын өтей алмай қалуының алдын алу. Ұлттық банк шараның халыққа да, банк жүйесіне де пайдалы болатынына сенімді.
Айтқандай, елімізде теңгелік депозиттің тартымдылығы артып келеді. Қысқа мерзім, икемді шарт, жоғары табыс: қай банктен шот ашқан тиімді? Толығырақ осы тұстан оқи аласыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







