Шымкентте балалардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беретін екі негізгі бағыт бар. Олар – қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектептері және мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында жұмыс істейтін жекеменшік секциялар, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаладағы спорт мектептерінде футбол, бокс, жеңіл және ауыр атлетика, велосипед спорты, теннис, үстел теннисі, бадминтон, көркем және спорттық гимнастика, жүзу, шахмат, садақ ату секілді бағыттар қамтылған. Сонымен қатар дзюдо, каратэ, таеквондо, грек-рим және еркін күрес, самбо, муай-тай, кикбоксинг пен басқа да жекпе-жек түрлері бойынша дайындық жүргізіледі.
Спорт мектептеріндегі сабақтар бюджет есебінен ұйымдастырылады. Баланы қабылдау кезінде оның жасы, денсаулық жағдайы және таңдаған спорт түріне арналған бастапқы нормативтер ескеріледі. Ата-ана өтінішті спорт мектебінің кеңсесіне немесе eGov. kz порталы арқылы бере алады. Құжаттар қатарында баланың жеке мәліметі мен медициналық анықтамасы болуы қажет.
Әкімдік мемлекеттік спорттық тапсырыс арқылы жекеменшік секциялардың қызметін де қаржыландырады. Осы бағдарлама бойынша DamuBala. kz порталындағы кезекте тұрған 3024 балаға бюджет көлемі шегінде ваучер беру жоспарланған. Ваучер баланың талапқа сай жеткізушіні таңдап, секцияға тегін қатысуына мүмкіндік береді.
Осы бағдарлама бойынша DamuBala. kz порталындағы кезекте тұрған 3024 балаға бюджет көлемі шегінде ваучер беру жоспарланған.
Шымкентте балаларға қосымша білім беруге арналған спорттық, шығармашылық және білім беру тапсырыстары бірыңғай жүйеге біріктірілген. Бағдарламаның бюджеттік әкімшісі ретінде қалалық білім басқармасы белгіленген.
Ата-аналар алдымен қолжетімді орындар мен секциялар тізімін тексеріп, ақпараттық жүйеде өтініш қалдыруы керек. Ваучер кезекке, бөлінген қаражатқа және бос орынға байланысты беріледі, сондықтан өтініштің тіркелуі баланың бірден қабылданатынына кепілдік бермейді.
Әкімдік қолдауының негізгі мақсаты – спортты отбасының табысына тәуелді етпей, балаларға тең мүмкіндік ұсыну. Тегін секциялар жасөспірімдердің денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне, тәртіп пен жауапкершілікті меңгеруіне жағдай жасайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







