Шымкенттегі №2 кітапхана бөлімшесінде мектеп оқушылары арасында «Салт-дәстүріңді білесің бе? » атты зияткерлік байқау өтті. Танымдық сайыс жас ұрпақтың бойына ұлттық рух, отансүйгіштік және ата-баба мұрасына құрмет сезімін қалыптастыруға бағытталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Іс-шараға ұлттық тарих пен мәдениетке қызығатын белсенді оқушылар қатысты. Кітапхананың оқу залы қазақы нақышта безендіріліп, сайысқа келген балалар ұлттық киім киді. Мұндай орта қатысушыларға салт-дәстүрді кітаптағы мәлімет ретінде ғана емес, күнделікті өмірмен сабақтас рухани мұра ретінде қабылдауға мүмкіндік берді.
Байқауға қатысқан Алуа Бақытжанқызы салт-дәстүр халықтың ғасырлар бойы жинақталған тәжірибесін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін құнды қазына екенін айтты.
«Осындай сайыстар арқылы өз білімімізді кеңейтіп, бұрын естімеген дәстүрлермен танысамыз. Кітап та адамның дүниетанымын байытатын асыл мұра. Өз халқының салтын, тарихы мен құндылықтарын білетін адамның рухы мықты болады деп ойлаймын», – деді оқушы.
Қатысушылар екі топқа бөлініп, «Дәстүрді тап», «Білім – таусылмас қазына» және «Мақал – халық даналығы» кезеңдерінде тапсырма орындады. Оқушылар дәстүр атауларын анықтап қана қоймай, олардың шығу төркінін, тәрбиелік мағынасын және қоғамдағы орнын түсіндірді.
Айзере Болат шілдехана, бесік той, беташар мен тұсаукесердің мәніне тоқталды. Оның айтуынша, әр дәстүрдің астарында балаға ақ жол тілеу, отбасындағы байланысты нығайту идеясы жатыр.
Сайыс барысында «Сүйінші сұрау» мен «Бата беру» салттарына арналған шағын сахналық көріністер қойылды. Балалар қуанышты хабарды жеткізу, үлкеннен бата алу және ізгі тілектің адам өміріндегі маңызын көркем қойылым арқылы көрсетті.
Кітапхана библиографы Лаура Тәжібаеваның сөзінше, іс-шараның басты мақсаты – біртіндеп ұмытылып бара жатқан салттар мен әдет-ғұрыптарды жаңғыртып, жас ұрпаққа түсінікті түрде таныстыру.
Ұлттық құндылықты бала санасына сіңіру тек мерекелік киім киюмен шектелмейді. Жастар дәстүрдің мазмұнын түсініп, оны отбасылық қарым-қатынаста, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу және елге адал қызмет ету қағидаларымен ұштастыруы қажет. Байқау соңында белсенді оқушылар кітапхана ұжымының алғыс хаттарымен марапатталды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







