Құмар Ақсақалов басқарып отырған Қостанайдағы жағдай көңіл көншітпейді. Облыс қазақыланбаған күйде қалып отыр, — деп жазады Ertenmedia.kz.
«Солтүстік өңірлерді сақтау керек. Теріскейде адам азайып жатыр» деген Тоқаевтың Құрылтайдағы сөзінен кейін кейбір аймақ басшылары дереу орнынан кетуі тиіс еді.
Қазақстан үшін ең қауіпті сценарий солтүстіктің біртіндеп босап, болашақта осы бос кеңістіктің саяси дағдарыс аймағына айналуы. Қарапайым тілмен айтсақ, бос жерге көз тігетіндер қашанда табылады.
Ақсақаловтың әкім ретіндегі стратегиялық біліксіздігі осы қауіпті күн санап жақындатып келеді.
Кейінгі кезде оңтүстіктен солтүстікке көшкен қауымның өкпе-реніші мен арыз- шағымы жиілеп кетті.
Аймақ басшылығы өңірге орныққысы келетін қазақтілді қауымға қолайлы орта құрудың тетіктерін әзірлемегенін, тіпті мүлде түйсіне алмай отырғанын байқайсыз. Ақсақаловтың командасы қазақтардың аймаққа не үшін көшіп жатқанын да ұқпайтын тәрізді. Көші-қонға келгенде Қостанай көп өңірден қалыс тұр.
Осы тұрғыдан алғанда, Тоқаевтың «солтүстікті сақтаңдар!» деп дабыл қағуы – Ақсақалов әкімдігіне берілген нақты саяси баға.
Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың осы міндетті лайықты деңгейде орындай алмай отырғанын мойындауымыз қажет.
Аймақ басшынының ең үлкен қателігі теріскейдің ұлттық қауіпсіздіктің бір компоненті екенін түсінбеуінде жатыр. Қостанай әлі күнге дейін өз ішінен мәдени, тілдік тұрғыдан толыққанды қазақы аймақ болып қалыптасқан жоқ.
Қостанайды «қазақтандыру» дегенді кейбіреу құдды бір этникалық тазарту не болмаса біржақты «қазақтарға басымдық беру» деп түсінеді. Шын мәнінде, бұл мемлекеттің өз іргесін бекіту, ел тұтастығын нығайту үшін жасалатын заңды әрекеті.
Өкінішке қарай, бұл мақсатта жұмсалуы тиіс бюджеттік қаржының қайда, қалай кетіп жатқаны сіз бен бізге белгісіз. Қостанайдың елсізденуі Ақсақаловты аса қатты мазаламайтын тәрізді…