Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Әділет департаментінің «Biz birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігін тарату туралы талабын қарады, — деп хабарлайды ErtenMedia.
Іс материалдарына сәйкес қор 2021 жылғы 11 қазанда бастапқы мемлекеттік тіркеуден өткен. Бірлестіктің құрылтайшылары — 10 адам, олардың есімдері Қайрат Перизатты қоса алғанда, құрылтай жиналыстарының хаттамаларында көрсетілген.
Қылмыстық істі тергеу барысында қолжазба сараптамасы жүргізілген, ал қорытындысына сәйкес 10 құрылтайшының 9-ының атынан құрылтай құжаттарына Қайрат Перизат қол қойғаны анықталған.
«Азаматтық кодекстің 49-бабына сәйкес заңды тұлға оны құру кезінде жіберілген, жойылмайтын сипаттағы заңбұзушылықтарға байланысты жарамсыз деп танылған жағдайда сот шешімі бойынша таратылуы мүмкін. ҚР Жоғарғы сотының «Соттардың салық заңнамасын қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 12-тармағына сәйкес заңды тұлғаны құруға (қайта тіркеуге) қатысы жоқ заңды тұлғаны басшысын және (немесе) құрылтайшысын (қатысушысын) көрсете отырып тіркеу (қайта тіркеу) заңды тұлғаны тарату (жарамсыз деп тану) үшін негіз саналады.
Бірлестікті құру кезінде анықталған заңбұзушылықтарды ескере отырып, сот Biz birgemiz Qazaqstan 2030 қоғамдық бірлестігін мәжбүрлі түрде тарату туралы шешім қабылдады», — деп жазылған хабарламада.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Перизат Қайрат басқарған «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры жабылады деген ақпарат тарады. Бұл туралы Әділет министрлігі хабарлады.
«Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры 2021 жылы қазанда тіркелген. Биыл 14 ақпанда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына мемлекеттік тіркеуді жарамсыз деп тану туралы талап арыз берілген.