Нұрлан Артықбаев Қазақстанның телеком нарығындағы жаңа әрі ықпалды ойыншыға айналды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Forbes Kazakhstan рейтингінде 2025 жылы $228 млн байлығымен 44-ші орында тұрған кәсіпкерү Ол осы кезге дейін құрылыс пен өндіріс саласында («Qazaq Stroy», «Қазақмыс») қызмет еткен. Алайда, көпшілікке аса танымал емес оның есімі кейінгі уақытта «Kcell» (KCEL) және «Қазақтелеком» (KZTK) акцияларына иелік етуімен ерекшелене бастады.
Жақында Артықбаев Kaspi-дің ірі акционері Вячеслав Кимнен KC Holding Ltd компаниясын сатып алды. KC Holding Ltd Kcell-дің 14,87% акциясына ие (29,7 млн акция). Мәміленің нақты сомасы жарияланбады. Алайда, қазіргі нарықтық бағасы шамамен $1,4 млрд деп бағаланатын Kcell компаниясының құнын есепке алсақ, бұл үлестің құны 200 млн доллардан асуы мүмкін.
Бұдан бұрын, 2024 жылдың соңында Артықбаев тағы да Вячеслав Кимге қатысы бар Jusan Bank пен Alatau City Bank құрылымдарынан Telecom Systems Ltd арқылы «Қазақтелекомның» 8,7% акциясын сатып алған болатын.
Осылайша, Нұрлан Артықбаев қазіргі таңда Қазақстанның телекоммуникация нарығында айтарлықтай позицияға ие болды. Оның меншігінде Kcell компаниясының 14,9% және «Қазақтелекомның» 9%-ға жуық акциясы бар.
Артықбаевтың аталған компанияларға енуі Қазақстанның тар әрі стратегиялық маңызы бар телекоммуникация нарығындағы күштердің ара салмағын өзгертуі мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, кәсіпкердің бұл қадамы болашақта осы саладағы ықпалын күшейтуге және нарықтағы ойын ережесін өзгертуге бағытталған.
Тілшілеріміз осыған дейін Qazaq Stroy құрылыс компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев «Ақтөбе» футбол клубына инвестор болғанын жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







