Қазақстанда шомылу маусымы басталғалы су айдындарында 69 бала көз жұмған. Ішкі істер министрлігі ата-аналарды өзен-көл жағасында балаларды қараусыз қалдырмауға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ведомство дерегінше, қайғылы оқиғаның көбі шомылуға бейімделмеген орындарда тіркеледі. Мұндай аумақта су түбі тексерілмейді, ағыс қатты болуы немесе көзге көрінбейтін иірім кездесуі ықтимал.
Қайғылы жағдайға ересектердің салғырттығы да себеп болып отыр. Полиция өкілдері демалыс кезінде кейбір ата-ананың ішімдік ішіп, баланы бақылаусыз қалдыратынын ескертті.
«Күн ысыған сәтте көптеген бала уақытын өзен-көл жағасында өткізетіні жасырын емес. Шомылу маусымы басталғалы су айдындарында 69 бала суға кетті», – деді ІІМ Профилактикалық қызметті үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов.
Министрлік тыйым салынған жерде шомылғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 364-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. 2026 жылдың басынан бері аталған талапты бұзған 2,7 мыңнан астам адам жазаға тартылған.
Құқық қорғау органдары тек арнайы жабдықталған жағажайда шомылуға, баланы су маңында жалғыз қалдырмауға және бейтаныс су айдынының қаупін алдын ала түсіндіруге кеңес береді. Сондай-ақ аптап ыстықта салқын суға бірден түсу қан тамырын түйілтіп, аяқ-қолдың құрысуына әкелуі мүмкін.
Бұған дейін Ақмола облысында көлік су айдынына сырғып кетіп, салонда отырған екі қыз бала қаза тапқан еді. Ішкі істер министрлігі жаңа қайғыға жол бермеу үшін әр ата-ананы сақтықты күшейтуге шақырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







