Freedom Holding Corp. 2027 қаржы жылының алғашқы тоқсанын айтарлықтай өсіммен жапты. Компанияның жиынтық түсімі $732,9 млн-ға жетіп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда шамамен 40%-ға артты. Тоқсан қорытындысында таза пайда $31,7 млн болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Холдингтің қаржылық нәтижесіне пайыздық және комиссиялық кірістің ұлғаюы, сондай-ақ бағалы қағаздармен жасалған операциялар оң ықпал еткен. Салық салуға дейінгі пайда $40,8 млн-ды, бір акцияға шаққандағы пайда $0,52-ні құрады.
30 маусымдағы есеп бойынша Freedom Holding Corp.-тың жиынтық активтері $14 млрд-қа жетті. Ақшалай қаражат, инвестициялық бағалы қағаздар мен өзге өтімді активтердің көлемі $7 млрд шамасында, ал акционерлік капитал $1,5 млрд болды.
Өсім клиенттік базадан да анық байқалады
Холдинг құрамындағы компанияларды пайдаланатын клиент саны 8,7 млн-ға жетсе, бүкіл Freedom экожүйесінің аудиториясы серіктес компанияларды қоса есептегенде 13,8 млн адамнан асты. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 11,7 млн еді.
Freedom SuperApp қолданушыларының саны бір тоқсанның ішінде 493 мың адамға көбейіп, 5,7 млн-ға жеткен. Брокерлік шоттар саны 874 мыңға дейін өсті. Қаржылық емес сервистердегі клиенттер қатары да едәуір кеңейген.
Холдинг кірісінің ең қарқынды өскен бағыттарының бірі пайыздық табыс болды. Ол бір жыл ішінде $198,6 млн-нан $295,1 млн-ға дейін көтерілді. Комиссиялық кіріс те $107,6 млн-нан $156,7 млн-ға өскен.
Бағалы қағаздар саудасынан түскен таза пайда $79,8 млн-ға жетті. Бір жыл бұрын мұнда $45,6 млн тіркелген еді. Компания мұндай өсімді Қазақстанның мемлекеттік және корпоративтік бағалы қағаздарымен жүргізілген операциялармен байланыстырады.
Валюталық операциялардың нәтижесі де оңалған
Былтырғы $12,9 млн шығынның орнына биыл $13,7 млн пайда түсті.
Түсіммен бірге шығын да көбейген. Компанияның тоқсандық шығысы $691,3 млн-ға жуықтады. Негізгі салмақ сақтандыру төлемдері, пайыздық шығын, еңбекақы мен әкімшілік шығыстардың өсуіне түскен.
Freedom Holding қаржылық көрсеткішпен шектелмей, экожүйені кеңейтуге де кіріскен. Маусым айында холдинг барлық қаржылық және цифрлық сервисті бірыңғай Freedom брендіне біріктіру жоспарын жариялады.
Осы аралықта S&P Global Ratings холдингтің негізгі қаржы ұйымдарының рейтингін «B+»-тен «BB-»-ке көтеріп, болжамды «тұрақты» деңгейде қалдырды. Қазақстандағы еншілес құрылымдардың ұлттық шкаладағы рейтингі «kzA-» деңгейіне дейін жоғарылаған.
Түркиядағы экспансия да жаңа кезеңге өтті
Freedom Finansal Hizmetler A.Ş. Turkish Bank A.Ş.-нің 99,32% акциясын сатып алып, бақылау пакетіне ие болды. Кейін банк атауын Freedom Bank A.Ş. деп өзгерту жөнінде шешім қабылданған.
Компания АҚШ резиденті емес инвесторлар арасында $300 млн көлемінде жаңа акция орналастыруды да аяқтады.
Білім беру технологиясына қызығушылық та күшейіп келеді. Freedom Holding Қазақстан мен Орталық Азиядағы ірі EdTech компаниялардың бірі Bilim Group LTD-нің үлесін сатып алу мәмілесін жапты. Холдинг енді жасанды интеллектіні пайдалана отырып, бірлескен білім беру жобаларын дамытуға мүмкіндік алып отыр.
2026 жылдың алғашқы жартысында Freedom Holding «Freedom Шапағат» қоры арқылы Қазақстандағы әлеуметтік және тұрақты даму жобаларына шамамен $25 млн бағыттаған.
Алғашқы тоқсанның қорытындысы Freedom Holding-тің енді тек брокерлік немесе банктік бизнес аясында қалмай, қаржы, цифрлық сервис, білім беру мен халықаралық нарықты бір экожүйеге тоғыстыруға бет алғанын аңғартады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







