Талдықорған қаласында жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев облыс орталығындағы жол жөндеу және абаттандыру жобаларының орындалу барысын тексерді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңір басшысы қаладағы Шевченко, Ескелді би және Даиров көшелерінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. Қазіргі уақытта бұл көшелердегі жаңғырту жобаларының жалпы ұзындығы 6,5 шақырымды құрайды.
Әкімдік мәліметінше, Шевченко көшесіндегі жұмыстар келесі аптада аяқталады. Ал аталған жобалардың толық аяқталуы маусым айының соңына жоспарланған.
Бейбіт Исабаевтың айтуынша, биыл Талдықорғандағы негізгі көшелерді жөндеу ісі толық аяқталуға жақын. Соңғы жылдары қаладағы ең маңызды жол бағыттары кезең-кезеңімен жаңартылып келеді.
– Назарбаев даңғылындағы жұмыстардың негізгі бөлігі орындалды. Қабанбай батыр көшесі өткен жылы толық жөнделді. Жансүгіров көшесіндегі жұмыстар биыл аяқталады. Сонымен қатар Ескелді би көшесінен Гагарин көшесіне дейінгі көлденең көшелер де жөнделеді. Әуежайға дейінгі айналма жол құрылысы да биыл бітеді. Келесі жылы облыс орталығындағы жол мәселесін толық шешуді жоспарлап отырмыз, – деді облыс әкімі.
Жұмыс сапары барысында Абылай хан көшесіндегі орташа жөндеу жобасы да қаралды. Қазіргі кезде бұл нысанда 20 арнайы техника мен 30 жұмысшы еңбек етуде.
Мердігер ұйым өкілдерінің мәліметінше, ұзындығы 1,72 шақырым болатын жол учаскесінде негізгі жұмыстар аяқталуға жақын. Мұнда жол жиегіне жаңа жиектастар орнатылып, жаяу жүргіншілер жолдары ретке келтірілген. Асфальт төсеу жұмыстары осы аптаның соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Жол жөндеу жұмыстары жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер тарапынан да оң бағалануда. Әсіресе бұрын көлік қозғалысы қиын болған қала орталығы мен базар маңындағы жағдай біртіндеп жақсарып келеді.
Тұрғындардың айтуынша, жаңартылған жолдар көлік қозғалысын жеңілдетіп қана қоймай, кәсіпкерлік нысандарға келушілер үшін де қолайлы жағдай қалыптастыруда.
Облыс әкімі барлық жобада құрылыс технологияларының сақталуына, пайдаланылатын материалдардың сапасына және жұмыстың уақытылы аяқталуына ерекше назар аударды.
Жалпы алғанда, биыл Талдықорған қаласында ұзындығы шамамен 30 шақырым болатын 21 көше мен саяжай алқаптарының жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жергілікті билік бұл жобалар қаланың көлік инфрақұрылымын жаңартып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді деп есептейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







