Жетісу облысында түрлі этнос өкілдері қатысқан «Үздік жас домбырашы» облыстық байқауы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ұлттық домбыра күніне арналған байқау Талдықорған қаласында ұйымдастырылды. Іс-шараны «Қоғамдық келісім» КММ өткізді.
Байқаудың негізгі мақсаты, қазақтың ұлттық мәдениеті мен дәстүрлі музыка өнерін түрлі этнос өкілдері арасында кеңінен насихаттау. Сонымен қатар өңірдің мәдени имиджін арттыру, домбырада шебер ойнайтын дарынды жастарды анықтау және олардың шығармашылық әлеуетін қолдау көзделді.
Жарыс барысында қатысушылар халық күйлері мен қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің таңдаулы туындыларын орындады. Жас домбырашылар сахнада шеберлігін көрсетіп, ұлттық өнерге деген ықыласын танытты.
Қаратал ауданынан келген Ершат Байқаданұлы домбыраға бала кезінен қызыққанын айтты. Ол Үштөбе қаласындағы Балалар шығармашылығы орталығында домбыра сыныбы бойынша білім алған.
Жас өнерпаздың айтуынша, алғашында атасы сыйлаған домбыра оның өнерге деген қызығушылығын арттырған. Кейін тегін үйірмелерге қатысып, музыка мектебіне түскен. Ұстазы Жанар Тұтқабековадан тәлім алған.
«Бүгінгі байқауда Құрманғазының «Адай» және Нұрғиса Тілендиевтің «Жекпе-жек» күйлерін орындадым. Бұған дейін Шымкент, Атырау және еліміздің өзге өңірлерінде өткен домбырашылар байқауларына қатыстым», деді Ершат Байқаданұлы.

Сарқан ауданынан келген Анастасия Банахович байқауға бір айға жуық дайындалғанын айтты. Ол сахнада Дәулеткерейдің «Қос алқа» және Құрманғазының «Балбырауын» күйлерін орындады.
«Музыкалық байқауларға қатысқанда оны ең алдымен тәжірибе алмасу деп қабылдаймын. Мен үшін жеңу емес, қатысу маңызды. Сарқан қаласындағы Шығармашылық үйінде сабақ алғаннан кейін төрт жылдай домбыра тартуды үзбей жалғастырып келемін», деді жас домбырашы.
Байқау қорытындысы бойынша үздік орындаушылар марапатталды. Оларға домбыра бейнесіндегі статуэтка, диплом, бағалы сыйлық және ақшалай жүлде табысталды.
Жетісу облысында Ұлттық домбыра күніне арналған 50-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Олардың қатарында шығармашылық байқаулар, көрмелер, әдеби-музыкалық кештер, танымдық және тәрбиелік сынып сағаттары, челлендждер, флешмобтар және мерекелік концерттер бар.
3 шілде күні облыс орталығы Талдықорғанда Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармонияның мәдени-көпшілік бағдарламасы өтеді. Мерекелік шарада қазақтың дәстүрлі күй өнері кеңінен насихатталады.
Жетісуда өткен жас домбырашылар байқауы ұлттық аспаптың ұлтты ғана емес, түрлі этнос өкілдерін де ортақ рухани кеңістікке біріктіретінін көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







