Талғар қаласының әкімі болып Арыстанбек Әбілқайырұлы сайланды. Ол туралы не белгілі? ErtenMedia.kz материалында.
15 желтоқсанда Талғар қаласында өткен әкім сайлауында Арыстанбек Әбілқайырұлы 9 071 дауыс жинап, жеңіске жетті.
Қалған үміткерлер арасында Жәнібек Қаденов 1 875 дауыс, ал Әлібек Рамазанов 1 140 дауыс жинады. Сонымен қатар, 182 сайлаушы «Барлығына қарсы» таңдауын жасады.
Сайлауға жалпы 42 774 тұрғын тіркеліп, оның 12 875-і өз таңдауын жасады. Қатысу деңгейі 30,1%-ды құрады.
1983 жылдың 12 наурызында Алматы облысында дүниеге келген Арыстанбек Әбілқайырұлы – мамандығы бойынша эколог. Өз еңбек жолын 2005 жылы «MAG group» құрылыс компаниясында бастап, алғашқы тәжірибе жинаған. Кейін 2006-2009 жылдары Үкіметтік тәжірибелік шаруашылығында директордың көмекшісі болып қызмет етті.
2009 жылдан бастап Талғар қаласындағы «Марат» өндірістік кооперативінде жұмыс істеп, даму менеджерлігінен бастап осы мекеменің орынбасары деңгейіне дейін көтерілді. 2023 жылдан бері «Талғар тұрғын үй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры қызметін атқарып келеді.
Арыстанбек Әбілқайырұлы Талғар қаласын дамытуға бағытталған мынадай уәделер берді:
Ол экономикалық өсім үшін инвесторларды тартып, жаңа жұмыс орындарын ашуды және шағын бизнесті қолдауды көздейді. Қалада жаңа кәсіпорындар ашу арқылы жергілікті өндіріс дамиды.
Инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2026 жылға дейін 20 көшеге жөндеу жүргізіп, жаңа көпір салу жоспарланған. Сонымен қатар, 2028 жылға дейін тұрғындарды таза ауыз сумен толық қамтуға уәде берді.
Әлеуметтік салада тарихи-мәдени мұраны дәріптеу үшін «Талхиз» мұражайын ашу және №2 мектепті күрделі жөндеуден өткізу бастамалары ұсынылды. Әлеуметтік осал топтарға тұрақты баспана беру мәселесі бақылауда болады.
Қоғамдық қауіпсіздік саласында қала көшелеріне бейнебақылау камералары орнатылып, жаяу жүргіншілер жолдары жаңартылып, жарықтандыру жүйесі жетілдіріледі.