Қазақстанда балмұздақ өндірісі қарқын алып, сыртқы нарыққа жөнелтілетін өнім көлемі импорттан едәуір асып түсті. 2026 жылдың алғашқы бес айында ел кәсіпорындары 35,1 мың тонна балмұздақ шығарды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Өндіріс көлемі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 47,4 пайыз артқан. Нарықтағы өсімге ішкі сұраныспен қатар, қазақстандық өнімнің көрші мемлекеттердегі танымалдығы ықпал етіп отыр. Отандық кәсіпорындар дәстүрлі пломбир мен кілегейлі балмұздақтан бөлек, экспортқа бейімделген жаңа өнім түрлерін шығара бастады.
Саланың негізгі өндірістік орталығы Алматы облысында шоғырланған. Мұнда елдегі балмұздақтың үштен екісіне жуығы өндіріледі. Өңір кәсіпорындары алғашқы бес айда 23,3 мың тонна өнім шығарып, жалпы көлемнің 66,3 пайызын қамтамасыз етті.
Қазақстандағы ең ірі өндіруші әрі Орталық Азия нарығындағы жетекші компанияның бірі – «Шин-Лайн». Кәсіпорын ішкі нарықтың шамамен жартысын және қазақстандық балмұздақ экспортының 95 пайызына дейінгі бөлігін қамтамасыз етеді.
Өндіріс 47 пайыз өсті
Өндіріс көлемінің өсуіне Алматы облысында іске қосылған жаңа технологиялық кешен де серпін берген. Оның жобалық қуаты тәулігіне 350 тоннаға дейін өнім шығаруға мүмкіндік береді. Жаңартылған желілер өндірісті ұлғайтып қана қоймай, өнім сапасын тұрақты ұстап, экспорт географиясын кеңейтуге жол ашады.
2026 жылғы қаңтар–мамыр аралығында Қазақстан шетелге 8343 тонна балмұздақ жөнелтті. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 38,5 пайыз жоғары. Осы аралықта елге әкелінген өнім көлемі 5145 тоннаны құрап, небәрі 7,1 пайыз өсті.
Қазақстандық балмұздақтың негізгі сатып алушысы – Ресей. Аталған елге 5748 тонна өнім жөнелтіліп, экспорттың шамамен 69 пайызы осы нарықтың үлесіне тиді. Қырғызстанға жеткізілген көлем 2019 тоннаға жетіп, бір жылда 46,7 пайыз артты.
Өзбекстанға 498, Тәжікстанға 53, Моңғолияға 17 және Әзербайжанға сегіз тонна балмұздақ сатылды. Өндірушілер Қытай нарығындағы үлесті кеңейту бағытында да жұмыс жүргізіп жатыр. Алайда алыс бағыттарға шығу үшін температуралық режимді үзбейтін тұрақты логистика қажет.
Импорттық өнімнің негізгі бөлігі Ресей мен Қырғызстаннан келеді. Ресей Қазақстанға 2250, Қырғызстан 2073 тонна балмұздақ жеткізген. Беларусьтен келетін өнім көлемі 118 пайыз, Өзбекстаннан әкелінетін балмұздақ 78,9 пайыз өсті.
Қазақстан 2025 жылдың қорытындысында алғаш рет балмұздақ экспортын импорттан жоғары деңгейге шығарған еді. Сол жылы шетелге 14 167 тонна өнім сатылып, импорт көлемі 12 194 тоннаны құрады.
Қазіргі көрсеткіштер сол үрдістің уақытша нәтиже болмағанын аңғартады. Қазақстан бұрын импортқа тәуелді нарықтан өңделген әрі дайын азық-түлік экспорттайтын өндірістік орталыққа айналып келеді. Саланың алдағы өсімі өнім сапасына, суық тізбекті логистикаға және Қытай секілді ірі нарықтарға шығу мүмкіндігіне байланысты болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







