Танымал әнші әрі продюсер Қыдырәлі Болманов Алматыдағы Республика сарайында жоспарланған мерейтойлық концертін денсаулығына байланысты кейінге қалдыруға мәжбүр болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы әнші 19 мамыр күні аурухана палатасынан арнайы үндеу жариялап, көпшіліктен кешірім сұрады. Оның айтуынша, концертке 3,5 мыңға жуық билет сатылған. Ұйымдастырушылар шоуды мүлде тоқтатпай, сахнаға кресломен шығып, жеңіл форматта өткізуді ұсынғанымен, әнші одан бас тартқан.
«Өмір бойы сахнада тік тұрып, белсенді қимылдап жүрген адам үшін сахнаға шығып креслода отырып өнер көрсету өте ыңғайсыз және ауыр дүние. Біз де ет пен сүйектен жаралған адамбыз ғой. Көбіне борыш пен намысты ойлап, денсаулығымызды кейінге қалдырып жатамыз. Концерттің кейінге қалдырылуының басты себебі дәрігерлердің тыйымы», – деді Қыдырәлі Болманов.
Республика сарайының жұмыс кестесі тығыз болғандықтан, концертті жақын күндерге ауыстыру мүмкін болмады. Сол себепті шара бір айға кейінге шегеріліп, енді 18 маусымда өтетін болды.
Әнші өз тыңдармандарына қолдау мен түсіністік танытқандары үшін алғыс білдіріп, концертке тың серпінмен және жаңа күшпен оралатынын жеткізді. Өз кезегінде желідегі қауым әншіге тіл-көзді тиді деп жорамалап, бабалардың басына баруға кеңес беруде.
Айта кетелік, бұған дейін қазақтың тағы бір танымал әншісі Димаш Құдайбергеннің Бангладешке ат басын бұрған хабарлаған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







