Ресейлік тележүргізуші және «Газпром-медиа» бас директорының орынбасары Тина Канделаки Еуроодақ санкцияларына ілікті. Онымен бірге санкциялық тізімге әнші Лариса Долина да енгізілді, деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
«Коммерсантъ» хабарлауынша, олар санкция салынған 16 ресейліктің қатарында. Бұл шешім Еуропалық кеңес бекіткен 15-ші шектеу пакеті аясында қабылданды.
Санкциялар бойынша ЕО елдеріне кіруге және олардың аумағында жүруге тыйым салынады. Сонымен қатар, еуропалық банктердегі шоттары бұғатталады және кез келген қаржылық операцияларға тыйым салынады.
Еске салайық, бұған дейін Тина Канделаки өзінің Telegram-арнасында “Қазақстанда орыс тілі ақырын ығыстырылып жатқанын” айтып, жазба жариялаған болатын. Мұнда ол қазақтарды “мәңгүртке” теңеген еді.
Осы тұста ашуға булыққан қазақстандықтар Тина Канделакиге тиесілі компания өнімін сайттан алып тастауды талап етіп, оны сатып алмауға шақырды.Нәтижесінде ресейлік тележүргізушінің кәсібіне еліміздегі арнайы сауда алаңдарында шектеу қойылды.
Артынша Тина Канделакидің бизнесі Қазақстанда тоқтап қалды. “Золотое яблоко” сауда желісінің Қазақстандағы онлайн-каталогынан Тина Канделакиге тиесілі “Ansaligy” косметика брендінің өнімдері жоғалып кетті. Оны Канделаки «инновациялық» деп атап келген.
Көп ұзамай Канделаки қырғыз халқын да русофоб деп атады.
Бәрі жергілікті билік Бішкектегі Панфилов дивизиясының музейін бұзуынан басталған. Артынша Тина Канделаки жергілікті билік «Батыс әсерінен кеңес тарихын елден аластатып, оның орнына руссофобия пайда болғанын» айтты.
Ресейлік журналистің мәлімдемесіне Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Дайырбек Орунбеков жауап берді. Оның сөзінше, біріншіден, музейді бұзу туралы шешім ғимараттың жағдайынмұқият талдағаннан кейін қабылданған.
«Екіншіден, Қырғызстан — егемен мемлекет. Биліктің шешімдері халықтың мүдделеріне негізделген. Үшіншіден, Қырғызстан — орыс тілі мен мәдениеті өмірдің ажырамас бөлігі болып табылатын көпұлтты ел.
Төртіншіден, Панфилов дивизиясын ұлықтау — бұл Мәскеуді қорғағаны үшін қаза тапқан әкелеріміз бен аталарымызға деген құрмет», — дейді Орунбеков.
Дайырбек Орунбеков Тина Канделакидің мәлімдемесі абсурд екенін атап өтті.
«Тина Канделаки мұндай мәлімдеме жасамас бұрын біздің еліміздің тарихын біліп алуға кеңес береміз, біздің елімізге келсе, оның ойы өзгеріп, мұндай мәлімдеме жасамас еді», — деді ол.