Тоқаевпен бірге Қытайға еріп барған Тимур Турлов осы арқылы өзін «Мәскеудің адамы» деп айыптайтын ақпараттық ызыңға соңғы нүктені қойды деп жазады Ertenmedia.kz.
Әдетте Мемлекет басшысының маңызды сапарында оның қапталында жүретін бизнес өкілдерін Ақорданың стратегиялық таңдауы деп қабылдау қажет.
Экс-елбасының тұсында онымен бірге кімдер жүруші еді? Бюджеттен субсидия суырып, жер-көкті монополиялап, ақшаны оффшырға тасыған ескі Қазақстанның олигархтары Назарбаевтың қасынан екі елі қалмайтын.
Ал Тоқаевтың Турловты қасынан қалдырмай ертіп жүруінің сыры неде? Біздіңше осы арқылы Ақорда «жаңа бизнес элитаның форматы осындай болуы керек» деген месседж жолдап отыр.
Былайша айтқанда, Президентке біреудің базарын тартып алып байығандар емес, цифрлық технология, финтех пен капитал әкелетін прагматиктер керек. Үлкен үйдің ықыласын сезген кәсіпкер де жақсылыққа жақсылықпен жауап қатып, әлеуметтік маңызы жоғары жобаларға капитал құюда.
Ақордаға неге Турлов сияқты технократтар ауадай қажет? Біздіңше, әзір Тоқаев жүргізіп жатқан саяси-экономикалық реформалар ішкі капиталға, инвестицияға өте-мөте мұхтаж. Ескі Қазақстанның өкілдері активін заңдастырудан қорқып, бұқпантайлап отыр, Батыстың ірі-ірі инвесторлары әзіргі жағдайға байланысты әр қадамын жеті рет өлшеп, бір рет кесуде.
Турлов? Біздіңше Тимекең Ақорданың геосаяси дағдарыс тұсында тапқан ең сауатты, ең тиімді прагматикалық серіктесі.
Президент кез келген сәтте реванш жасауға дайын тұрған «ескі Қазақстанның» олигархтарына сенім арта алмайды. Ақорда Құлыбаев пен Клебанов секілділерді репрессиясыз, Турлов сияқты жаңа, цифрлық капитал арқылы нарықтан ығыстырып шығаруда.
Осы тұрғыда Қазақстан азаматтығын алып, бүкіл бизнесін осы елдің заңдылығына байлаған, патриотизмді сөзбен емес, миллиардтаған салықпен және инвестициямен дәлелдеген Турловты Тоқаевтың «Троя тұлпары» деуге әбден болады. Ақорда сіз бен біздің көз алдымызда жаңа капитал институтын қалыптастырып жатыр.
Иә, Турловқа бағытталған шабуылдар бұдан кейін сап тыйылады дегенге сене алмаймыз. Тимекеңе тісін қайрап жүргендер «ақпараттық киллерлерге» тапсырыс беріп, «Ресей агенті» деген фобияны үдете түсуі ғажап емес.
Дереккөз: Ertenmedia телеграм арнасы
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







