Тойда тілек орнына әйелдерді кемсітіп, ән мен музыка өнерін терістеген ер адамның әрекеті Ақорданың назарын аударды. Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин әлгіндей ерсі уағыздың ұлт болмысы мен мемлекет ұстанымына мүлде қайшы екенін айтып, маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Пайымынша, көпшілік алдына шыққан әлгі адамның діни көзқарасын көпшілікке таңып, әйелдерді төмендетіп, өнерді күстәналауы өте қауіпті үрдіс.
«Қазақстан зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, әрдайым еліміздің заңдары тұрады», – деп жазды ол.
Қарин өнер мен мәдениетті дінге қарсы қоюдың өзін асыра сілтеу деп бағалауда. Қазақстанның таңдаған бағыты өнерден безіну немесе мәдениетке тұсау салу емес.
«Керісінше, елдің өркендеу жолы білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке кең өріс ашумен сабақтас. Тойда тілекке шығып, ерсі уағыз айтып кеткен ер адамның әрекеті ешбір қисынға сыймайды. Көпшілік алдында адамдарды бұлайша алалау, өз пікірін қасақана тықпалау әдептілікке жатпайды. Біз өзара құрмет пен мәдениетті биік қоямыз. Еліміздің жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға ерекше мән беріп отырғаны да сондықтан», – деп жалғастырды Ерлан Қарин.
Ақорда ұлттық таным мен елдік ұстанымға қайшы келетін мұндай әрекетті үнсіз қабылдамай, қоғам болып қарсы тұруға үндеп отыр.
Айта кетелік, бұған дейін тойда «әншілер шайтанның азаншысы» деп біртүрлі тілек айтқан азаматтың пікірі желіде шу шығарған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







