Атырау облысында 2026-2027 жылдары 393 шақырымға жуық электр желісі қайта құрылып, 23 жаңа трансформаторлық пункт орнатылады. Жаңғырту жұмысы апат санын азайтып, тұрғындар мен кәсіпорындарды электрмен тұрақты қамтуға бағытталған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Ауқымды жоба «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық бағдарламасы аясында іске асырылады. Жұмыс Атырау қаласын, Жылыой, Исатай, Мақат және Қызылқоға аудандарын қамтиды. Төрт қосалқы станциядағы ескі трансформатор да ауыстырылады.
Өңірдегі әуе желілерінің, қосалқы станциялар мен трансформаторлардың басым бөлігі 1960-1980 жылдары пайдалануға берілген. Кей нысандарда содан бері толық жаңғырту жүргізілмеген. Жұмыс негізінен ақауды жою және ағымдағы жөндеумен шектеліп келді.
Соның салдарынан «Атырау Жарық» ЖШС электр жабдықтарының орташа тозу деңгейі 65, 05 пайызға жеткен. Ескірген инфрақұрылым апат қаупін арттырып, электр қуатының жоспардан тыс өшуіне себеп болады. Желіні күтіп ұстау мен жөндеуге жұмсалатын шығын да жыл сайын көбейіп келеді.
Компания 2026-2027 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама әзірлеп, оған тоғыз ірі жобаны енгізді. Қазір мердігер анықталып, жобалау-сметалық құжаттар дайындалып жатыр. Алдағы бес жылда электр желілерінің тозу деңгейін 65, 05 пайыздан 40 пайызға дейін төмендету көзделген.
Жылыой ауданында Құлсары-Майқұмген бағытындағы 65 шақырым жоғары кернеулі желі және оған жалғасатын 6 шақырым желі жаңартылады. Аталған бағыт Құлсары қаласы мен маңындағы елді мекендерді электрмен қамтуда маңызды рөл атқарады.
Исатай ауданында Тайман-Октябрьская бағытындағы 65 шақырым әуе желісі қайта құрылады. Ескірген бағаналар мен сымдарды ауыстыру желінің өткізу қабілетін арттырып, электр қуатының жиі үзілуін азайтуға тиіс.
Атырау қаласында «Балықшы» бағытындағы 8, 2 шақырым және «Шмунк» бағытындағы 2, 5 шақырым электр желісі жаңғыртылады. «Пичугин», «Құрманғазы», «Шмунк» және «Мелькомбинат» қосалқы станцияларындағы трансформаторлар да ауыстырылады.
Мақат ауданында 40 шақырым магистральдық желі мен елді мекендер ішіндегі 83 шақырымнан астам электр желісі жаңартылады. Аудан аумағында алты жаңа трансформаторлық пункт салу жоспарланған.
Қызылқоға ауданында 123, 2 шақырым электр желісі толық ауыстырылады. Сонымен қатар 17 жаңа трансформаторлық пункт орнатылады. Желі ұзындығы жағынан аталған жоба бағдарламаның ең ауқымды бағыттарының бірі саналады.
Жаңғырту кезінде ескі сымдар, электр бағаналары, трансформаторлар және өзге жабдықтар кезең-кезеңімен ауыстырылады. Жаңа желі заманауи техникалық талаптарға сай салынып, электр қуатын тасымалдау кезіндегі шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Жоба аяқталған соң Атырау қаласы мен облыс аудандарындағы тұрғындарды, әлеуметтік нысандарды және өндірістік кәсіпорындарды электрмен қамту сенімділігі артады. Апат саны мен жоспардан тыс өшулерді қысқарту да негізгі міндеттердің бірі.
– Өңірдегі бірқатар электр желісі ондаған жылдан бері пайдаланылып келеді. Ұлттық жоба аясында ескірген сымдар, желілер мен трансформаторлар кезең-кезеңімен ауыстырылады. Жұмыс апат санын азайтып, тұрғындарға, кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарға жеткізілетін электр қуатының сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді «Атырау Жарық» ЖШС директоры Мейірбек Губашев.
Оның айтуынша, жобаларда қолданылатын материалдардың басым бөлігі Қазақстанда өндіріледі. Мердігерлерге жұмысты сапалы орындап, бекітілген кестеден ауытқымау міндеті қойылған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







