Республика күніне орай АҚШ президенті Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау жеделхатын жолдап, желтоқсанда өтетін G20 саммиті аясындағы жүздесуді асыға күтетінін жеткізді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Екіжақты әріптестік пен коммерциялық келісімдер
Америка басшысы өз құттықтауында соңғы бір жыл ішінде екі мемлекет арасындағы стратегиялық ынтымақтастық айтарлықтай тереңдегенін ризашылықпен еске салды.
«Кейінгі бір жыл ішінде серіктестігімізді тереңдете түскенімізге қуаныштымын. Аталған байланыс халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтан бастап, қос тарапқа да пайдалы маңызды коммерциялық келісімдерге дейін қамтыды», – деп жазды Дональд Трамп.
Сонымен бірге жеделхатта Қазақстан экономикасының табыстарына америкалық компаниялар да сүбелі үлес қосып келе жатқаны айтылды. Ақ үй басшысы қос ел арасындағы өзара тиімді әріптестік алдағы уақытта да нығая түсетініне сенім артты.
Тәуелсіздік пен егемендікке қолдау
АҚШ президенті 1991 жылы халықаралық аренада Қазақстанды дербес ел ретінде ең бірінші болып Құрама Штаттар танығанын ерекше атап өтті.
«Сондықтан еліңіздің тәуелсіздігі мен егемендігін, аумақтық тұтастығын әрдайым қолдаймыз. Қазақстанның таңғаларлық экономикалық табыстарына америкалық компаниялар да зор үлес қосып келеді. Желтоқсан айында өтетін G20 саммиті аясындағы кездесуді асыға күтемін», – деді АҚШ президенті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай ізгі тілектерін арнаған шет мемлекеттер мен үкіметтер басшыларына ризашылығын білдірді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







