Қазақстанда бала туу көрсеткішінің төмендеуі тіркелгенімен, әзірге Ресейдегі сияқты ана капиталы енгізілмейді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Үкіметтегі брифинг барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазіргі демографиялық ахуал мемлекет үшін күтпеген жағдай емес. Еңбек министрлігі демографиялық үдерістердің циклдік сипатта дамитынын атап отыр. Яғни халық санының табиғи өсімі кезең-кезеңімен өзгеріп, жоғарылау мен төмендеу кезеңдері кезектесіп отырады.
Асқарбек Ертаевтың сөзінше, ведомство 2035 жылға дейінгі демографиялық болжамдарды әзірлеп қойған. Талдау нәтижесі өңірлер арасындағы айырмашылықтың айқын екенін көрсеткен. Кейбір облыстарда туу көрсеткіші жоғары деңгейде сақталса, басқа аймақтарда төмендеу байқалады.
Соңғы уақытта бала туу мәселесі қоғамда жиі талқыланып жүр. Сарапшылар мен әлеуметтік желі қолданушылары жас отбасылардың бала сүюді кейінге қалдыруына тұрғын үй бағасының қымбаттауы, инфляция, өмір сүру шығындарының өсуі және қаржылық тұрақсыздық әсер етіп отырғанын айтып келеді.
Осыған байланысты қоғамдық ортада ана капиталын енгізу немесе отбасыларға берілетін мемлекеттік қолдау көлемін арттыру туралы ұсыныстар жиілеген.
Алайда Үкімет қазіргі уақытта жеке ана капиталын енгізу мәселесін қарастырып жатқан жоқ. Сонымен қатар министр мемлекет көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын жалғастырып отырғанын еске салды.
Оның айтуынша, алты және одан көп баласы бар отбасыларға түрлі жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Бұл бағыттағы қолдау жүйесі сақталады.
Дегенмен демографиялық мәселемен айналысатын сарапшылар бала туу көрсеткішін арттыру үшін әлеуметтік төлемдермен ғана шектелу жеткіліксіз екенін айтады. Олардың пікірінше, халық табысын арттыру, баспанаға қолжетімділікті кеңейту және жас отбасылардың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ету ұзақ мерзімді нәтиже беретін негізгі факторлардың бірі болып қала береді.
Еңбек министрлігі қазіргі төмендеу уақытша құбылыс деп есептейді. Алайда демографиялық үрдістің алдағы бағыты экономикалық жағдай мен халықтың әлеуметтік әл-ауқатына тікелей байланысты болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







