Отбасы банк 2026 жылғы тамызда әйелдерге арналған жаңартылған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдауды бастайды. Бағдарламаны қаржыландыруға 45 миллиард теңге бағытталып, қарыздың ең жоғары сомасы 50 миллион теңгеге дейін жетеді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Банктің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова бағдарламаға қажетті алғашқы қаражат түсіп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, «Ұмай» ипотекасы тамыз айында іске қосылады. Өтінім қабылдаудың нақты күні мен толық құжаттар тізімі кейінірек жарияланбақ.
Бағдарламаға тұрақты жұмысы және ресми табысы бар әйелдер қатыса алады. Үміткердің кейінгі алты айда міндетті зейнетақы жарнасын аударғаны ескеріледі. Аталған талап қарыз алушының еңбекпен қамтылғанын және төлем қабілетін растауға арналған.
Алдын ала жарияланған шарт бойынша Астана мен Алматы секілді ірі қалаларда бастапқы жарна тұрғын үй құнының кемінде 20 пайызын құрайды. Өзге өңірде 15 пайыздан басталуы мүмкін. Қарыздың ең жоғары мөлшері 50 миллион теңге, кредиттеу мерзімі 25 жылға дейін белгіленбек.
Бағдарламаның түпкілікті сыйақы мөлшерлемесін банк әзірге ресми жариялаған жоқ. Бұған дейін алғашқы кезеңдегі мөлшерлеме шамамен 14,4–15 пайыз болып, кейін Отбасы банктің жинақ жүйесіне өткенде жылдық 3,5–5 пайызға дейін төмендеуі мүмкін екені айтылған. Нақты есептеу тәртібі мен жеңілдетілген деңгейге ауысу шарты бағдарлама басталғанда нақтыланады.
Қарыз алушы төлем қабілетін растау үшін екі адамға дейін қосалқы қарыз алушы тарта алады. Бастапқы жарнаны қалыптастыру кезінде жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі де қарастырылған. Мұндай тетік баспана сатып алуды жоспарлаған әйелдің бастапқы қаржылық салмағын жеңілдетуге тиіс.
«Ұмай» аясында бастапқы және қайталама нарықтан пәтер алу көзделіп отыр. Құрылысы жүріп жатқан тұрғын үй Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігі болған жағдайда ғана қарастырылады. Алдын ала шартта қайталама нарықтағы үйдің 2016 жылдан ерте салынбауы жөніндегі талап та көрсетілген.
Бағдарлама тек алғашқы баспанасын сатып алатын әйелдермен шектелмейді. Қатысушы бұрыннан үйі болса да, тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін екінші немесе кейінгі пәтерін сатып алуға өтінім бере алады. Тіркелген мекенжай да негізгі кедергі болмауға тиіс.
Ұмай ипотека балл жүйесімен беріледі
Қаржы барлық өтінім берушіге бірдей бөлінбейді. Қатысушылар балдық жүйе арқылы іріктеледі. Отбасы банктегі депозитін ертерек ашқан, қаражатты ұзақ уақыт жинаған және банк сыйақысын көбірек қалыптастырған салымшының мүмкіндігі жоғары болады.
Сондықтан бағдарламаға қатысуды жоспарлаған әйелге депозитті өтінім қабылдау басталар алдында ғана ашу тиімсіз болуы мүмкін. Жинақ мерзімі мен бағалау көрсеткіші іріктеу кезіндегі негізгі қаржылық индикатордың біріне айналады.
«Ұмай» жобасы Азия даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылады. Қаржы институты Қазақстандағы әйелдердің қолжетімді баспана алу мүмкіндігін кеңейтуге және экологиялық талапқа сай тұрғын үйді қаржыландыруға қаражат бөледі.
Бағдарламаға қатысуға ниетті азаматтарға банк жариялайтын соңғы талапты күткен жөн. Бастапқы жарна, мөлшерлеме, тұрғын үйге қойылатын талап және балдық іріктеу тәртібі ресми ереже бекітілгеннен кейін ғана түпкілікті күшіне енеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







