Үндістан мен Қытай арасында шекара мәселесіне байланысты ұзақ уақытқа созылған текетірес енді бәсеңдей бастағаны белгілі. Осы тұста, үнді кинематографиясы 2020 жылғы Галван алқабындағы қақтығысқа арналған фильмдердің атауларын ауыстырып, сценарийлерін қайта жазуда, деп жазады Ertenmedia.kz.
South China Morning Post басылымының 28 мамырдағы хабарына сәйкес, Үндістан үкіметі жақында жергілікті киностудияларға арнайы нұсқаулық таратты. Бұл құжатта кино саласындағы компанияларға «Қытайға сын айтудан бас тарту» жөнінде ұсыныс берілген. Екі ірі азиялық державаның дипломатиялық қарым-қатынасы жылыған шақта, Галван алқабындағы қақтығысты бейнелейтін фильмдер осы саяси реформаның негізгі нысанасына айналды.
Мұның алғашқы әрі ірі «құрбандарының» бірі – Болливудтың жұлдызы Салман Хан басты рөлді сомдайтын әскери фильм. Алғашында «Галван шайқасы» деп аталған фильмнің атауы енді «Матрибхуми: Соғыс тыныштық тапсын» деп өзгертілді.
Ақпаратқа қарағанда, фильмнің шамамен 40 пайызы қайта түсірілген. Қытайды тікелей сынайтын диалогтар алынып, орнына жалпылама сипаттағы сөздер қолданылған. Бұған қоса, 17 сәуірге жоспарланған фильмнің премьерасы Үндістанның Орталық фильмдерді сертификаттау кеңесінің (CBFC) рейтингтік тексеруінің созылуына байланысты белгісіз мерзімге кейінге қалды.
Геосаяси тұрғыда өте нәзік саналатын тақырыптарға фильм түсірген студиялар, туындысын CBFC-ке ұсынбас бұрын Үндістан қорғаныс министрлігі мен армиядан алдын ала рұқсат алуға міндетті.
Сонымен қатар, Галван алқабында ерлігімен көзге түсіп, қайтыс болған үнді сарбазы Гуртедж Сингхтің өмірін бейнелейтін «Галван арыстаны» атты тағы бір фильмнің өндірісі толығымен тоқтатылды. Продюсер Хималай Дасанидің айтуынша, қорғаныс министрлігі тарапынан «Қытайды сынауға жол берілмейді» деген нақты нұсқау келген. «Егер қақтығыстың себебін және әскерлер қалай шайқасқанын ашық көрсетпесек, фильм түсірудің мәні қалмайды», – дейді ол Mid-Day басылымына берген сұхбатында.
Үндістан мен Қытай әскерлері арасындағы бұл шиеленіс 2020 жылдың маусымында Кашмирдегі Ладакх өңірінде, Галван алқабында болған қақтығыстан басталды. Сол оқиға кезінде Үндістанның 20 сарбазы және Қытайдың 4 әскери қызметкері қаза тауып, екі ел арасындағы қарым-қатынас күрт нашарлаған болатын.
Дегенмен, 2024 жылдың қазанында тараптар шекарадағы әскерлерді әкету және шекара күзетін реттеу бойынша ортақ келісімге келді. Бұл келісім сауда, қауіпсіздік және көпжақты дипломатиялық байланыстарды дамытуға жол ашты. Бірақ дипломатиялық қарым-қатынастың тез жақсаруы, керісінше, киноиндустрияның дамуын тежеп отыр.
Дипломатияның киноға әсері
Екі елдің арасы жақсарған сайын кино саласындағы шығармашылық еркіндіктің аясы тарылып, қоғамда үкіметтің бұл шешімдеріне қатысты сын күшейе түсуде. «Қытайға сын айтуға болмайды екен, ал Пәкістанды ашық сынауға неге рұқсат?» – дейді үнді режиссері Онир. «Былтыр Үндістан мен Пәкістан арасында болған «Шиндур» операциясы кезінде дәл осы Қытай Пәкістанды ашық қолдаған еді».
Джавахарлал Неру университетінің бұрынғы профессоры Ира Бхаскар да осы пікірді құптайды. Оның айтуынша, Пәкістанды сынау әлі де оңай болғанымен, Қытай мәселесі мүлде басқа. «Үндістандағы сөз бостандығы көрші елдермен қарым-қатынас және егемендік мәселесімен шектеліп қалған. Үкімет кинематографияда тек өз көзқарасын ғана көрсеткісі келеді. Бұл – сөз еркіндігін тек иллюзияға айналдырып жіберді», – дейді ол.
Белгілі деректі фильм режиссері Адити Шарма осыған мысал ретінде үнді барлау операцияларына арналған «Дхурандхар» фильмін атап өтті. Оның айтуынша, бұл фильмнің түсірілімінде не атауы өзгерген, не қорғаныс министрлігі тарапынан нұсқаулар болмаған.
«Кино өнерін Пәкістанға қарсы пайдалануға толық еркіндік берілген, ал Қытайға тиіспеуге мәжбүрлейді. Мұнда принцип емес, кинематография арқылы сыртқы саясатты жасырын түрде таңу жатыр», – дейді режиссер.
Екінші жағынан, кей сарапшылар үкіметтің ұстанымын қолдап отыр. Үндістан армиясының отставкадағы генерал-майоры Г. Д. Бакши: «Пекинмен дипломатиялық қарым-қатынас жылып жатқан кезде, қажетсіз шиеленістің еш мәні жоқ. Оның үстіне Трамп әкімшілігінің тарифтік шараларынан кейін АҚШ-пен арадағы жағдай да күрделеніп тұр.
Сондықтан кино саласындағы ұлтшылдық риториканы уақытша жұмсарту – өте орынды шешім», – деп есептейді. Ол сөзін жалғастыра отырып: «1962 және 1967 жылғы Қытайға қарсы соғыстар да өз уақытында экранға шықты. Галван шайқасындағы сарбаздарымыздың ерлігі де лайықты уақытында көрерменге жол тартады», – деп түйіндеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







