Шымкентте Нұрай Серікбайдың қазасына қатысты резонансты істің негізгі сот талқылауы басталды. Аса қатыгездікпен адам өлтірді деп айыпталған Шерхан Аймахан жауапкершілікті марқұм қыздың өзіне аударып, Нұрай оған бірінші болып пышақ салғанын мәлімдеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
28 шілдеде жауап берген 29 жастағы сотталушы Нұраймен 2025 жылдың жазынан бастап кездескенін айтты. Сөзінше, қызға тұрақты түрде ақша беріп, сыйлық жасаған. Қазан айында екеуі үйленуге уағдаласқан-мыс.
Аймаханның нұсқасы бойынша, 2026 жылғы 11 қаңтарда ол Нұрайды кездесуге шақырып, қарым-қатынасты тоқтататынын айтқан. Сондай-ақ қызға сыйлаған сақинасын қайтарып алмақ болған.
«Ажырасатынымызды айтқан кезде ол ашуланып, сақинаны далаға лақтырып жіберді. Нұрай кеудемнен ұрып, балағаттай бастады. Қалтамнан пышақтарды сипап көрдім. Кішірегін алып, оған ұстаттым да: “Ұрғанша, пышақтағаның жақсы”, – дедім. Нұрай пышақты алып, оң жақ бүйіріме сұқты. Одан кейін не болғаны есімде жоқ», – деді Аймахан сотта.
Осылайша сотталушы қызға пышақты өзі бергенін жасырмады. Алайда одан кейінгі оқиғаны «есімде жоқ» деген жалғыз сөйлеммен түсіндіруге тырысты. Аймахан Нұрайдың туыстары олардың қарым-қатынасынан хабардар болғанын және кездесулеріне келісім бергенін де алға тартты.
Алайда тергеу сотталушының әрекетін өзін-өзі қорғау немесе аяқ астынан туған жанжал ретінде бағаламаған. Аймаханға бірнеше ауыр бап бойынша айып тағылды.
Ол Нұрайды некеге тұруға мәжбүрледі, ұзақ уақыт аңдып, қудалады және аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталып отыр. Сот процесі жалғасуда.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







