Алматыда екі елдің іскер топтары мен ірі корпорацияларының басын қосқан ауқымды «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы басталды. Сауда-экономикалық және технологиялық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге арналған жиынға 600-ден астам делегат пен қытайлық 200-ге жуық ірі компания өкілдері жиналды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Саудадан өндіріске бет бұру
Форумның басты ерекшелігі – қос мемлекет арасындағы байланыстың қарапайым сауда-саттықтан бірлескен жоғары технологиялық өндіріске қарай ойысуында. Қазақстан тарапынан жиынға озық технология, серіктестік пен тікелей инвестиция іздеген жүзге жуық кәсіпорын қатысып жатыр.
«Kazakh Invest» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сұлтанғали Кинжакулов келген қытайлық делегацияның салмақты екеніне тоқталды. Оның сөзінше, қатысушы компаниялар елімізде нақты зауыттар ашып, қаражат салуға ниетті.
«Бұл алғаш рет ұйымдастырылып отырған осындай ауқымды формат. Қытайлық 200-ден астам компания келді. Олар жай ғана сауда ұйымдары емес, Қазақстанға қаржы салған немесе өндіріс ашуды көздеп, нақты қызығушылық танытып отырған ірі инвесторлар. Сондай-ақ елімізден 100-ге жуық отандық компания жаңа технология мен инвестиция іздеп қатысып жатыр», – деді «Kazakh Invest» басшысы Сұлтанғали Кинжакулов.
Гуманоид роботтар зауыты және автоөндіріс
Форум аясында жалпы саны 45-ке жуық маңызды коммерциялық құжатқа қол қою жоспарланған. Таныстырылған жобалардың арасында жоғары технологиялар мен машина жасау саласы ерекше көзге түседі.
Ең қызықты бастамалардың бірі Қытайдың танымал UBTECH компаниясымен бірлескен жоба. Аталған инвестор өз елінен тыс жердегі алғашқы гуманоид роботтар шығаратын зауытын Қазақстан аумағында салуды жоспарлап отыр.
Сонымен бірге көлік құрастыруды жергіліктендіру жұмыстары жандана түспек. Astana Motors компаниясы Chery концернімен бірлесіп OMODA және JAECOO маркаларын шығаруды қолға алса, Қостанайдағы Allur зауытында заманауи Li Auto көліктерін құрастыру мәселесі талқылануда. Фармацевтика бағытында онкологиялық ауруларды емдеуге арналған препараттардың отандық өндірісі жолға қойылмақ.
Инфрақұрылым және өнеркәсіптік жобалар
Логистика саласында «Қорғас» шекара маңында «ақылды» логистикалық парк ашу, Құрық портын жаңғырту және Алматы облысында ірі жүк хабын салу жобалары қарастырылуда. Өңдеу секторында Ақтөбе облысында экологиялық «жасыл» мыс өндіретін кәсіпорын, Xinfa көмірхимия кешені мен Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін жаңа зауыт іске қосылады.
Форум алаңында жаңа экономикалық дәліздерді дамыту, цифрлық экожүйе мен өнеркәсіптік кооперация бойынша үш панельдік сессия мен B2B форматындағы кездесулер өтуде.
100 миллиард долларлық меже
Қытай – Қазақстан экономикасының ең ірі инвесторларының әрі сенімді сауда әріптестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара тауар айналымы рекордтық 49 миллиард долларға жеткен. Соңғы он жылда бұл көрсеткіш бес есеге жуық өсті. Ендігі меже – өзара сауда көлемін 100 миллиард долларға дейін жеткізу.
Бүгінгі таңда елімізде қытайлық капиталдың қатысуымен 8,5 мыңнан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп тұр. Көрші мемлекет отандық экономикаға 30 миллиард доллардан астам қаражат құйған.
Сарапшылардың пікірінше, Алматыда өтіп жатқан инвестициялық басқосу қарапайым шикізат экспортынан бас тартып, елімізде қосылған құны жоғары ортақ өнім шығаруға серпін береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







