Алматы облысында сыбайлас жемқорлық деректері былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 4 есеге немесе 75 пайызға төмендеді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Алғашқы жартыжылдықта өңірде тіркелген жемқорлық дерегі 28-ден 7-ге дейін қысқарған. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысында мәлім болды.
Жиында «Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру, қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері қаралды. Отырысқа комиссия мүшелері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Комиссия жұмысын ашқан Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімді іске асуы мемлекеттік органдар жұмысының маңызды бағыты екенін атап өтті. Оның айтуынша, қоғамда адалдық, ашықтық және заңға құрмет қағидаттарын орнықтыру үшін алдын алу шаралары жүйелі әрі нақты нәтиже беретін деңгейде жүргізілуі керек.
Жыл басынан бері облыста сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында 73 кездесу өткізілген. Оған 6 мыңға жуық адам қатысқан.
Заң мен тәртіп қағидаты
Талдау барысында білім беру және денсаулық сақтау салаларында тауар бағасын негізсіз көтеру, қажеттіліктен артық көлемде сатып алу деректері анықталған. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті араласқаннан кейін бұл мәселелер қайта қаралып, миллиондаған теңге бюджет қаражаты үнемделді.
Өңірде жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жұмысы да күшейтілген. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 27 кездесу өткізіліп, арнайы байқаулар, муралдар және ақпараттық акциялар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында ақпараттық-түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр. 2025-2030 жылдарға арналған қоғамда «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы аясында облыстық іс-шаралар жоспары бекітілген.

Жыл бойы 42 ірі ақпараттық және профилактикалық іс-шара өткізу жоспарланған. Жыл басынан бері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 42 мыңнан астам материал жарияланды.
Облыс аумағында «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау үшін 72 билборд, 24 баннер және 20 LED экран орналастырылған. Қонаев қаласындағы тұрғын үй кешендерінде 700-ге жуық ақпараттық үнпарақ ілінді.
Комиссия отырысында Іле ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыс та қаралды. Ауданда жыл басынан бері тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін 9 іс-шара өткізіліп, 780 ақпараттық кітапша таратылған.
Іле ауданындағы кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, мәдениет және тілдерді дамыту, жер қатынастары, ішкі саясат және жұмыспен қамту бөлімдерінде жүргізілген ішкі талдау нәтижесінде 6 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды. Қазір оларды жою бойынша нақты шаралар қабылданып жатыр. Аудан көлемінде ақпараттық-насихат жұмысы жалғасуда.
Жиынды қорытындылаған Марат Сұлтанғазиев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмысын одан әрі жетілдіру қажет екенін айтты. Облыстық басқармалар мен аудан-қала әкімдеріне ішкі талдаулардың сапасын арттыру, мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз ету және мүдделер қақтығысының алдын алу тиімділігін күшейту бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Өңірдегі көрсеткіштің төмендеуі алдын алу жұмысының нәтижесін көрсетеді. Бірақ әкімдік үшін басты міндет тек статистиканы жақсарту емес, мемлекеттік қызметте ашықтықты күшейтіп, тұрғындардың билікке деген сенімін арттыру болып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







