Қазақстанның энергетика саласында өндірістік қуаттың өсуіне сай жұмысшы кадр мамандарды даярлаудың жаңа жүйесі енгізіледі. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында кәсіби стандарттарды жаңарту мен шетелдік қызметкерлерді қазақстандық кадрлармен алмастыру жоспарын таныстырды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазір елдің энергетика саласында 360-тан астам ұйым жұмыс істейді. Кәсіпорындарда энергияны өндіру, беру және бөлудің толық циклін қамтамасыз ететін 100 мыңға жуық қызметкер еңбек етеді. Алдағы ірі жобалар білікті жұмысшыға деген сұранысты бірнеше есе арттырмақ.
Кадр даярлау жүйесін еңбек нарығының талабына бейімдеу үшін электр энергетикасы жөніндегі кәсіби біліктіліктердің салалық кеңесі құрылды. Кеңес мамандықтарға қойылатын талаптарды айқындайтын кәсіби стандарттарды әзірлеп, бекітуге қатысады. 2025 жылы энергетика саласындағы 27 стандарт жаңартылып, төрт жаңа стандарт қабылданды.
2026 жылы «Энергетикада цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану» кәсіби стандарты бекітілді. Жаңа құжат энергетикалық нысандардағы цифрлық басқару, автоматтандыру және жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істейтін мамандарға қойылатын талапты жүйелейді. Осылайша дәстүрлі техникалық мамандықтардың мазмұны жаңа технологиялармен толықтырылады.
Отандық мамандарға мән беріледі
Мұнай-газ саласындағы жұмысты кәсіби біліктілік жөніндегі салалық кеңес үйлестіреді. Үш негізгі бағыт бойынша 28 кәсіби стандарт қаралып, соның 27-сін өзектілендіру және бір жаңасын әзірлеу көзделген. Сонымен қатар NCOC компаниясы дайындаған 147 мамандық карточкасының жобасы таныстырылды.
Ерлан Ақкенженовтың айтуынша, жұмыс істеп тұрған үш зауыт кеңейтілгеннен кейін мұнай өңдеудің жиынтық қуаты жылына 18 млн тоннадан 29,2 млн тоннаға дейін артады. Жылына 10 млн тонна өңдейтін жаңа зауыттың құрылысын есептегенде жалпы қуат шамамен 39 млн тоннаға жетеді. Мұндай өндірістік серпін операторлар, технологтер, жөндеушілер және автоматтандыру мамандарын алдын ала даярлауды талап етеді.
«Мұнай мен газды қайта өңдеу және өткізу» бағыты бойынша сегіз кәсіби стандарттағы 29 кәсіби карта қайта қаралды. Жаңарту жұмысы 2025-2040 жылдарға арналған Мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасымен сабақтастырылған. Жаңа тәсіл оқу бағдарламаларын болашақ зауыттардың технологиялық талаптарына бейімдеуге бағытталады.
Күрделі жобаларға арналған жақсартылған модельдік келісімшартқа кадр саясаты бойынша арнайы міндеттеме енгізілген. Инвестор шетелдік қызметкерлерді қазақстандық мамандармен алмастыру бағдарламасын әзірлеп, оны Энергетика министрлігімен келісуге тиіс. Бағдарлама кадр резервін алдын ала қалыптастыруды, азаматтарды оқытуды және жұмысқа қабылдау кезінде қазақстандық кандидаттарға басымдық беруді көздейді.
Өндіруші компаниялардың жер қойнауын пайдалану келісімшарттарында отандық кадрларды оқытуға қаржы бөлу талабы бар. Осы мақсатқа өндіріс көлемінің бір пайызы бағытталуы тиіс. 2023-2025 жылдары қазақстандық мамандарды даярлауға жұмсалған қаржының жалпы көлемі шамамен 62,7 млрд теңгені құрады.
Ақкенженов ұсынған тәсіл кадр тапшылығын өндіріс іске қосылғаннан кейін емес, жобалау кезеңінде шешуге негізделген. Кәсіби стандарт, білім беру бағдарламасы және инвестор міндеттемесі бір жүйеге біріктірілмек. Нәтижесінде энергетикадағы өндірістік өсім қазақстандық мамандар үшін тұрақты жұмыс пен жаңа кәсіби мүмкіндікке айналуға тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







