Қазақстандықтар болашақта лайықты зейнетақы алу үшін тұрақты жұмыс істеп, еңбекақыдан үздіксіз аударым жасап отыруы тиіс. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев осылай мәлімдеді деп жазады Ertenmedia.kz.
Министрдің айтуынша, зейнетақы жүйесі ұзақмерзімді жинақ принципімен жұмыс істейді. Сондықтан жинақтағы қаражатты зейнетке шықпай тұрып пайдалануға әуес болмаған жөн.
«Жас азамат 20 жасынан бастап ресми жұмыс істесе, тұрақты түрде жалақы алса, соның есебінен зейнетақы қорына үздіксіз аударым жасайды. Бұл үзіліссіз жұмыс істеп, кәсіби деңгейін көтеріп, кірісін арттырған жағдайда болашақ зейнетақыны толық қамтамасыз етуге жетеді. Ерекше жоғары жалақы іздеудің немесе түрлі схемаларға сенудің қажеті жоқ», – дейді Ертаев.
Министр пандемиядан кейін бірқатар елдер зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалануға тыйым салғанымен, Қазақстанда мұндай шектеулер әзірге енгізілмейтінін атап өтті.
«Қазір еңбек нарығы тұрақталды. Біздің порталдың өзінде ғана ай сайын шамамен 117 мың бос жұмыс орны жарияланады. Жұмыс орындары бар, ресми тіркелуге мүмкіндік жеткілікті. Сондықтан азаматтарға тұрақты жұмыс істеп, зейнетақы қорына қаржы жинауға барлық жағдай жасалған», – деді ол.
Асқарбек Ертаевтың өзі зейнет жасына жеткенде тек өз жинақтарына сенетінін жеткізді.
«Мен тек өзімнің жинаған қаражатыма сенемін. 1997 жылдан бері еңбек жолымда тек ресми жұмыс істедім. Әкімдікте қызмет еттім, банк жүйесінде болдым, кейін Астанаға ауысып, бірнеше министрлікте жұмыс атқардым. Осы жылдардың бәрінде үздіксіз жинақ жүргізіп келемін. Сондықтан, зейнет жасына жеткен кезде базалық зейнетақы да, жинақталған қаражат та жеткілікті болады деп ойлаймын», – деп атап өтті министр.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде «20 жастан бастап айына миллион теңге табыс таппасаң, зейнетақың мардымсыз болады» деген пікір таралған еді. Министр мұндай пікірлердің еш негізі жоқ екенін айтып, министрліктің мұндай есеп жүргізбейтінін нақтылады.
Бұған дейін біз Қазақстанда зейнетақы жинағын алу қиындайтынын егжей-тегжейлі жазған едік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







