Шымкенттің бұрынғы әкімі Мұрат Әйтеновтің ағасы Марат Әйтенов бұрынғы жары Дана Әтешовамен арасындағы даулы оқиғаға қатысты өз ұстанымын білдірді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Марат Әйтенов жанжал туындаған үйдің бастапқыда әкесінің меншігінде болғанын жеткізді. Ол үйді 2017 жылы әкесі сатып алып, кейін өзі балаларымен сонда көшіп барғанын мәлімдеді.
«Үй мәселесін бейбіт жолмен шешуге тырыстым. Мұнда ешқандай заңсыздық болған жоқ. Дана Әтешова үйге өз еркімен кіріп алған соң, үйдің заңды иесі сотқа шағым түсірген. Сот барлық құжатты қарап, екі жыл бұрын шешім шығарды. Сол кезде сот Дананың жағдайын ескеріп, үйді босатуға бір жыл мерзім берген. Ол 2023 жылы үйді босатуға уәде берген болатын», – деді Әйтенов.
Оның айтуынша, осы уақыт ішінде бұрынғы жұбайына бірнеше рет түрлі ұсыныстар жасаған.
«Бір емес, оннан аса ұсыныс айттым. Ортақ таныстар, медиаторлар арқылы және сот процестері барысында «басқа үй де бар, сені де, балаларды да далада қалдырмаймын» деп қанша рет айттым. Бірақ ол ұсыныстардың ешқайсына ресми жауап ала алмадым. Дана жеке әңгімелерде «үй мен пәтерді менің атыма аударып бересің, пәтерді жалға беріп, ақшасын өзім аламын» деген талаптар қоя бастады. Бұл талаптардың бәрі негізсіз еді. Мен оған үнемі «балалардың жағдайын бірге ойлайық, мәселе ақшада емес» дедім», – дейді ол.
Балаларымды көре алмай жүрмін
Марат Әйтенов балаларына қатысты жағдайдың да күрделі екенін айтты. Сот шешімімен жыл сайын балалармен бірге уақыт өткізуге рұқсат алғанымен, бұрынғы әйелі мұны орындамай отырғанын алға тартты.
«Балаларымды көру мәселесін былтыр ювеналды сотта шештік. Сот шешімі бойынша, әр жылдың маусым айында балалар менімен бірге болуы керек еді. Бұл талап мүлде орындалмай отыр. Тіпті меншіктің иесі үйді босатуды талап еткенде де Дана бағынбады», – деді Әйтенов.
Үйден шығарылған күні оған сот орындаушылар хабарласқан.
«Балаларыңызды қорғап, қауіпсіз жерге алып кетіңіз деп хабарласты. Сол үшін үйге барғанымда, Дана жанжал шығарып, мені балағаттап, балаларға жақындатпады. Жарты сағаттан кейін сот орындаушы қайта хабарласып, «балаларды қорғаңыз, оларды сізден басқа кім қорғайды» деген соң, қайта бардым. «Басқа үй бар, пәтер бар, жағдайларыңды жасаймын» десем де, бұрынғы жұбайым тыңдамады. Керісінше ашуға булығып, мені тағы да балағаттады. Кіші қызымды алып кетуге тырысқанда, оны өз денесімен жауып, бөгет жасады», – дейді Марат Әйтенов.
Жалақымның жартысын беріп отырмын
Қазір Марат Әйтенов ауылда қызмет істеп жүргенін, жалақысының 100 мың теңге екенін айтты. Оның жартысын, яғни 50 мың теңгені бұрынғы жұбайына жіберіп отырғанын жеткізді.
«Ауылда жұмыс істеймін. Жалақым 100 мың теңге. Соның жартысын ай сайын Данаға беріп келемін. Мүмкіндігіме қарай балаларымнан ештеңе аяған емеспін», – деді ол.
Айта кетейік, әлеуметтік желілерде бұған дейін Шымкенттің бұрынғы әкімінің ағасы Марат Әйтеновтің бұрынғы отбасы Дана Әтешова мен балаларын үйден күшпен шығарған видеосы тарап, қоғамда үлкен резонанс туғызған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







