«AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Республикалық қоғамдық қабылдау алаңында азаматтармен кездесіп, ел ішіндегі өзекті әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді тыңдады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қабылдауға келген тұрғындар су желілерін жаңарту, елді мекендерді газдандыру, байланыс сапасын жақсарту, еңбек құқығын қорғау, пошта қызметін жолға қою, ерекше қажеттілігі бар балаларға қолдау көрсету және білім беру инфрақұрылымын дамыту секілді бірқатар мәселені көтерді. Партия төрағасы әр өтінішті жеке тыңдап, тиісті бағыттар бойынша жұмыс жүргізілетінін айтты.
Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының тұрғыны Бейбіт Қасенов аудан орталығындағы су желілерінің әбден тозғанын жеткізді. Оның айтуынша, желілер 30 жылға жуық уақыт бойы күрделі жөндеу көрмеген. Қазір инфрақұрылымның 60-70 пайызы ескіргендіктен, тұрғындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамту қиындап отыр. Жергілікті бюджет есебінен мәселені шешуге мүмкіндік жоқ болғандықтан, тұрғын республикалық деңгейде қолдау қажет екенін айтты.
Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуді маңызды міндет ретінде айқындағанын атап өтті. Оның сөзінше, «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында ауылдық жерлердегі тұрмыстық және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Су мәселесі де осы бағыттағы негізгі басымдықтардың бірі саналады.
Халық үніне құлақ асатын партия
Қабылдауда еңбек құқығына қатысты мәселе де көтерілді. Астана қаласында тұратын бір топ жас қоғамдық тамақтану орнында жұмыс істегенін, алайда жұмыс беруші жалақыларын төлемей кеткенін айтты. Ерлан Қошанов мұндай жағдайда еңбек шартының болуы аса маңызды екенін еске салды. Заң бойынша жұмыс беруші қызметкермен міндетті түрде еңбек шартын жасасуға тиіс. Бұл талаптан жалтару азаматтардың құқығын бұзуға әкеледі.
Партия төрағасының айтуынша, адал еңбек қорғалуға, бағалануға және лайықты төленуге тиіс. Мәжілістегі партия фракциясы азаматтардың еңбек құқығын қорғауға қатысты заңнаманы жетілдіру жұмысын күшейтеді. Сонымен қатар «Жастар Рухы» жастар қанаты колледж және жоғары оқу орындары түлектеріне арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізіп, жастардың заңды әрі тұрақты еңбекке орналасуына қолдау көрсетіп келеді.
Астана тұрғыны Гүлмира Маженова есірткі айналымы бойынша сотталған азаматтарға қатысты қылмыстық саясатты жетілдіру және заңнаманы ізгілендіру жөнінде ұсыныс айтты. Бұл мәселе құқықтық саясат, қоғамдық қауіпсіздік және адам тағдырына қатысты күрделі тақырып болғандықтан, оны жан-жақты қарастыру қажеттігі айтылды.

Жамбыл облысы Жуалы ауданы Жаңаталап ауылының тұрғыны Серік Қожағұлов ауылдағы телефон және интернет байланысының сапасын жақсарту мәселесін көтерді. Қазіргі таңда сапалы байланыс ауыл тұрғындары үшін тұрмыстық қолайлылық қана емес, білім алуға, мемлекеттік қызметтерді пайдалануға, кәсіп жүргізуге және қауіпсіздікке тікелей әсер ететін маңызды инфрақұрылымға айналды.
Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданынан келген Бауыржан Жауғашаров шекара маңындағы өңірде пошта қызметін реттеу қажеттігін айтты. Мұндай қызмет шалғай елді мекендер үшін әлеуметтік байланыс құралы ғана емес, зейнетақы, жәрдемақы, құжат айналымы және күнделікті тұрмысқа қажет қызметтердің бір бөлігі саналады.
Халықпен бірге қағидасы
Қабылдауда ерекше қажеттілігі бар балалар тәрбиелеп отырған ата-аналардың мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Гүлбахрам Ерғалимова жеңілдікпен автокөлік сатып алуға көмек көрсету жайын қозғады. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту және дамыту орталықтарына қолдау көрсету, арнайы білім беру ұйымдарындағы педагогтардың жалақысы, оқушылар сарайын салу және теміржол үстінен жаяу жүргіншілер көпірін тұрғызу мәселелері айтылды.
Ерлан Қошанов азаматтармен бетпе-бет кездесудің маңызы зор екенін атап өтті. Оның сөзінше, өңірлерді аралау бір бөлек, ал тұрғындардың нақты өтінішін тыңдап, әр мәселенің мән-жайын тікелей білу – партия жұмысының маңызды бөлігі.
Партия төрағасы былтыр «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауларына азаматтардан 124 мың өтініш түскенін айтты. Оның басым бөлігі шешімін тапқан. Бұл халықпен тұрақты байланыс орнатудың және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асырудың бір тетігі ретінде бағаланды.
Қабылдау қорытындысында Ерлан Қошанов тұрғындар көтерген барлық мәселені жеке бақылауына алатынын жеткізді. Оның айтуынша, әр өтініш жауапты органдармен бірлесіп қаралып, шешу жолдары кезең-кезеңімен пысықталады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







