Астанада «Байтақ» жасылдар партиясының кезектен тыс VI съезі өтіп, Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі қайта бекітілді. Съезд жұмысына 67 делегат қатысты. Олардың қатарында еліміздің барлық 20 өңіріндегі партия филиалдарының басшылары болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе Құрылтай сайлауына партия атынан түсетін кандидаттардың тізімін талқылауға арналды. Тізімді қайта қарауға ондағы кандидаттар санының өзгеруі себеп болған. Бұған дейін бекітілген төрт кандидат сайлау бәсекесіне қатысудан өз еркімен бас тартқан.
Партия төрағасы Азаматхан Әміртаев делегаттар алдында сөйлеп, тізімді қайта бекітудің құқықтық қажеттілігін түсіндірді. Оның айтуынша, партия бұған дейін Құрылтай депутаттығына 51 кандидат ұсынған. Төрт адамның шешімінен кейін сайлау рәсімдерінің заң талаптарына толық сәйкес болуы үшін жаңартылған тізімді съезд мақұлдауға тиіс болған.
– Тізімдегі төрт адам өз еркімен одан шығу туралы шешім қабылдады. Бұл олардың құқығы. Сонымен қатар, заң тұрғысынан бәрі мінсіз болуы үшін партиялық тізім қайтадан бекітілуге тиіс, – деді Азаматхан Әміртаев.
Партия төрағасының ұстанымын және ұсынылған тізімді өңірлік филиалдардың басшылары толық қолдады. Делегаттар Құрылтай депутаттығына ұсынылған кандидаттар тізіміне бірауыздан дауыс берді. Жаңартылған тізімге 47 адам енді.
Кандидаттардың қатарында экология саласының жетекші мамандары мен елге танымал қоғам қайраткерлері бар. Түпкілікті тізім төрт үміткердің сайлау додасына қатысудан ерікті түрде бас тартуы ескеріліп жасақталды. Партия жаңа құраммен Құрылтай сайлауына қатысуға дайындалады.
Қазақстандық «Байтақ» жасылдар партиясы 2022 жылғы 30 қарашада ресми тіркелген. Оның құрылтай съезі сол жылғы 24 қыркүйекте Алматыда өтті. Партия экологиялық жауапкершілік, орнықты даму және әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын қорғайтынын мәлімдеп келеді.
«Байтақ» Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан реформалар арнасында әрекет ететінін атап көрсетеді. Қазір партия құрамында 100 мыңнан астам мүше бар. Партия өкілдері еліміздің әр деңгейдегі мәслихаттарында депутаттық қызмет атқарады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







