Қазақстандағы танымал туристік аймақтарға апаратын негізгі автомобиль жолдары жазғы маусымға толық дайын, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ведомство мәліметінше, демалыс орындарына баратын негізгі бағыттар нормативтік жағдайға келтіріліп, туристер легін қабылдауға әзірленген. Кейбір учаскелерде соңғы жылдары күрделі жөндеу мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілген.
Бурабай курортына барушылар үшін негізгі бағыт – Щучинск қаласы арқылы өтетін «Астана – Петропавл» республикалық тасжолы. Бұл жол өңірдегі туристік аймаққа кіретін басты көлік дәлізі саналады.
Зеренді демалыс аймағына «Көкшетау – Атбасар» бағыты немесе «Щучинск – Зеренді» автожолы арқылы жетуге болады. Соңғы бағыт Зеренді мен Бурабайды тікелей байланыстырады.
Қарағанды облысындағы Қарқаралы курортына республикалық маңызы бар «Қарағанды – Қарқаралы» тасжолы апарады. Бұл жолда өткен жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Баянауылға Павлодар мен Қарағанды облыстарын жалғайтын «Қалқаман – Баянауыл – Ботақара» бағыты арқылы жетуге мүмкіндік бар.
Балқаш көліне баратын негізгі бағыт – «Қарағанды – Алматы» тасжолы. Одан әрі туристер Балқаш қаласынан Бурылбайтал ауылына дейін көлдің батыс жағалауын бойлай қозғалады. Бұл учаске жақында қайта жаңғыртудан өтті. Ал көлдің оңтүстік-шығыс жағалауына «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» облыстық маңызы бар жол арқылы жетуге болады.
Алакөлге баратын жолдар да жаңартылған. Көлдің солтүстік жағалауына «Талдықорған – Өскемен» трассасынан «Таскескен – Бақты» бағыты арқылы шығып, одан әрі Мақаншы – Қабанбай бағытымен жетуге болады. Ал оңтүстік жағалауға «Үшарал – Достық» тасжолы апарады. Бұл жол да соңғы жылдары күрделі жөндеуден өткен.
Көлік министрлігі туристік маусым қарсаңында негізгі бағыттардың барлығы көлік қозғалысына дайын екенін және демалушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасалғанын атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







