Қазақстанда жаңартылатын энергетиканың елдің жалпы энергия теңгеріміндегі үлесі соңғы алты жылда 2 пайыздан 8 пайызға дейін өсіп, төрт есеге артты. Қазір республикада жалпы қуаты 3,8 ГВт-тан асатын 172 ЖЭК нысаны жұмыс істейді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Өсім жаңартылатын энергия жобаларын аукцион арқылы іріктеу, инвестор тарту және жаңа генерация қуаттарын іске қосу есебінен қамтамасыз етілді. Мемлекет саладағы жобаларды кезең-кезеңімен көбейтіп, жел, күн, су және биогаз энергетикасын қатар дамытуға басымдық беріп отыр.
Қазір елде 71 жел электр станциясы және 54 күн электр станциясы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 44 гидроэлектр станциясы мен үш биогаз нысаны электр энергиясын өндіру жүйесіне қосылған.
2025 жылдың қорытындысында ЖЭК нысандары 8,6 млрд кВт·сағ электр энергиясын өндірді. Бір жылдың ішінде жалпы қуаты 500 МВт-тан асатын тоғыз жаңа станция пайдалануға берілген.
Саланы кеңейту жұмыстары 2026 жылы да жалғасып жатыр. Биыл жиынтық қуаты 245 МВт болатын тағы 10 ЖЭК нысанын іске қосу жоспарланған. Оның төртеуі жел электр станциясы, бесеуі күн электр станциясы, біреуі гидроэлектр станциясы болады.
Жыл қорытындысында жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр көлемін 8,8 млрд кВт·сағ-қа жеткізу көзделіп отыр.
Ортамерзімді жоспарда жалпы қуаты 3,6 ГВт болатын шамамен 100 жобаны іске асыру қарастырылған. Сонымен қатар жиынтық қуаты тағы 4 ГВт-қа жететін ірі жаңартылатын энергетика жобалары пысықталуда.
Қазақстанның жасыл энергетика секторына халықаралық инвесторлар да белсенді кіріп келеді. TotalEnergies, China Power, Masdar және China Energy секілді ірі компаниялар жаңа жобаларға тартылған.
Мұндай инвестициялар қаржы көлемін ұлғайтумен қатар, заманауи технологияны енгізуге және генерация қуатын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Әсіресе жел мен күн энергетикасының үлесі өскен сайын энергия жүйесінің икемділігі мен теңгерімін сақтау мәселесі де маңызды бола түседі.
Жаңартылатын энергия нысандарының көбеюі Қазақстанның электр өндірісін біртіндеп әртараптандырып жатыр. Дәстүрлі көмір және газ генерациясымен қатар таза энергия көздерінің үлесін көтеру энергетикалық қауіпсіздік пен экологиялық міндеттерді қатар шешуге бағытталған.
Алдағы жобалар толық жүзеге асса, елдің энергия теңгеріміндегі ЖЭК үлесі одан әрі артып, жаңа генерация қуаттары энергетикалық жүйенің тұрақтылығын күшейтуге тиіс. Қазақстан үшін ендігі міндет тек жасыл станциялар санын көбейту емес, оларды электр желілерімен, сақтау жүйелерімен және жалпы энергетикалық архитектурамен тиімді ықпалдастыру болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







