Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістерге қол қойды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Заң 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған. Сонымен қатар халықаралық стандарттарды ұлттық заңнамаға енгізуді көздейді.
Құжатта мүдделер қақтығысына қатысты нормалар нақтыланды. Енді оның әлеуетті, нақты және орын алған түрлері жеке-жеке ажыратылады. Әр жағдай бойынша әрекет ету тәртібі мен нақты мерзімдері белгіленеді.
Мүдделер қақтығысы жағдайында қабылданған актілер мен жасалған мәмілелер жарамсыз деп танылуы мүмкін. Бұл мемлекеттік шешімдердің ашықтығын арттыруға бағытталған маңызды тетік саналады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің дербестігі де күшейтіледі. Олар енді тек директорлар кеңесіне немесе байқау кеңесіне есеп береді. Атқарушы органнан тәуелсіз жұмыс істеп, уәкілетті органмен тікелей өзара іс-қимыл жасайды.
Еңбек кодексінде де жаңа құқықтық негіздер бекітілді. Қызметке қабылдау кезеңінде мүдделер қақтығысын автоматты түрде анықтайтын цифрлық кадрлық жүйе енгізіледі.
Жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар басшыларының жауапкершілігі күшейтілді. Енді олар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша шара қабылдамағаны үшін де жауап береді. Сондай-ақ бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына қатысты жауапкершілік те қатаңдайды.
Жеке тұлғаларды сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі ұзартылды. Бұған дейін талап қою мерзімі 1 жыл болса, енді 3 жылға дейін ұлғаяды.
Пара беруге уәде ету, пара ұсыну және пара талап ету үшін қылмыстық жауаптылық енгізіледі. Бұл нормалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Мұндай талаптар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше 38 мемлекеттің бәрінде қолданылады. Халықаралық тәжірибеде бұл тәсіл жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға көмектеседі.
Заңда тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа да ерекше назар аударылған. Ауруханаларда, мектептерде, жоғары оқу орындарында, банктерде және коммуналдық қызмет көрсету ұйымдарында болатын заң бұзушылықтарға қатысты жауапкершілік күшейтіледі.
Аталған ұйымдардың қызметкерлері ірі мөлшерде немесе қорқытып алу арқылы заңсыз сыйақы алса, жаза қатаңдайды. Сонымен қатар мұндай заңсыз сыйақыны берген адамдарға да қылмыстық жауапкершілік енгізіледі.
Қылмыстық кодекс заңсыз сыйақы алуға арандатқаны үшін жауаптылық көздейтін жаңа нормамен толықтырылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы функциялар да қайта бөлінеді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау және тергеп-тексеру жұмысын жүргізеді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру және іске асыруға жауап береді.
Қабылданған өзгерістер жемқорлықтың алдын алуға, жауапкершілікті күшейтуге және қоғамда адалдық пен парасаттылық қағидаттарын орнықтыруға бағытталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







