Жетісу облысында үш экопарк ашу жоспарланып отыр. Соның бірі Текелі қаласында құрылатын 21 гектарлық «Серкесай» экопаркі болады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жоба туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Текелі қаласының тұрғындарымен кездесуінде айтылды. Өңір басшысы қала әкімі Алмас Әділге экопарк құру жұмыстарын биыл бастауды тапсырды.
Бейбіт Исабаевтың айтуынша, Текелінің табиғи-рекреациялық әлеуеті туризмді дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Осы бағытта облыс тарапынан қажетті қолдау көрсетіліп жатыр. Қалада дербес туризм бөлімі ашылған.
Облыс әкімі енді нақты жобаларға көшу қажет екенін айтты. Заманауи қонақ үйлер, демалыс орындары және экологиялық туризмге арналған нысандар салынуы тиіс.

Алдын ала жоспар бойынша экопаркте фотоаймақ, серуендеу жолдары және демалыс орындары жасалады. Сондай-ақ орындықтар, бағыттау белгілері, санитарлық тораптар орнатылып, аумақ абаттандырылады.
Облыс әкімі парк аумағын безендіру кезінде бірыңғай стиль сақталуы керек екенін айтты. Оның сөзінше, экопарк табиғи ортаға үйлесімді болып, туристерге де, жергілікті тұрғындарға да қолайлы кеңістікке айналуы қажет.
Қазір Текелі қаласында 22 туристік нысан жұмыс істейді. Өткен жылы ішкі туризм аясында қалаға 19,8 мың адам келген. Оларға жалпы сомасы 570 млн теңгенің туристік қызметі көрсетілген.
Биыл Текеліге шамамен 24 мың турист келеді деп күтілуде.
Қалада жеке инвестициялар есебінен бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, 50 коттедждің құрылысы басталды. Сақ моншалары, ойын-сауық кешені және бірқатар қонақ үй пайдалануға берілді.

Жергілікті билік Текелінің табиғи мүмкіндігін тиімді пайдаланып, қаланы экологиялық туризм орталықтарының біріне айналдыруды көздеп отыр. «Серкесай» экопаркі осы бағыттағы негізгі жобалардың бірі болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







