Жетісу облысында 18 жастағы мерзімді әскери қызметкер қаза тапты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Марқұмның туыстары Tengrinews.kz редакциясына жүгініп, жағдайды анықтауды сұрады.
«14 қаңтарда әскерде менің туысым, 18 жастағы Құрманбек Дастан Маратұлы қаза тапты. Өзі атылып қалды дейді… Қалай өз-өзін атады?», – делінген хабарламада.
Хабарламаға жігіттің өлімі туралы куәлік қоса берілген.
Қайғылы оқиға Қорғаныс министрлігінің 12740 әскери бөлімінде болғаны атап өтілді.
Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы Жетісу облысында қаза тапқан сарбаздың өліміне қатысты пікір білдірді.
Ведомство мәліметінше, 14 қаңтарда Сарыөзек гарнизонында далалық оқу-жаттығу кезінде әскери қызметші қаруды қолдану ережелерін бұзу салдарынан өмірге қауіпті жарақат алып, қаза тапқан.
«Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Оқиға орнында Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы жетекшілік ететін арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр», – делінген таратылған хабарламада.
Сарбаз қызмет барысында өзін жақсы жағынан көрсеткені айтылған. Бөлімше басшылығына шағымдар немесе өтініштер түспеген. Қызметтік міндеттерін толық көлемде орындаған.
«Біз ата-анасының қайғысын түсінеміз және орны толмас қазаны бөлісеміз. Әрбір командир үшін сарбаздың қаза табуы – үлкен қайғы. Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы сарбаздың туыстары мен жақындарына көңіл айтады және қажетті көмектің барлығы көрсетіледі», – деп толықтырды қолбасшылық.