Сот Жетісу прокурорларының Талдықорғандағы «Ардагерлер саябағы» жерлерін мемлекеттiк меншiкке қайтару туралы талап арызын қанағаттандырды, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Сот Талдықорған қаласы прокуратурасының «Ардагерлер саябағының» 74 гектар жерін жеке тұлғаға беруді заңсыз деп тану және оларды мемлекет меншігіне қайтару туралы талап арызын қанағаттандырды.
Прокурорлар саябақ аумағына жататын учаскенің 2004 жылы жеке тұлғаға заңсыз иеліктен шығарылғанын анықтаған (Жер кодексінің 26-бабы бұзылған).
Кейіннен жаңа жер иесі элиталық коттедж қалашық салуды көздеп, оның пайдалану мақсатын өзгерткен. Сол үшін саябақ аумағы 240 учаскеге бөлінген.
Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.