Тараздың № 2 соты аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырды деген бес азаматқа қатысты істі қарауға кірісті. ҰҚК тергеп-текшерген ауқымды істің басты фигуранты Шымкент қаласының бұрынғы бас сәулетшісі Арман Әбдешов, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
ҰҚК Әбдешовті 2025 жылдың тамыз айында жұмыс орнында ұстаған. Берденов? Желіде қызу талқыланған ұстау шарасы сол тұста Шымкент әкімі орынбасарына жасалған қастандық ісімен тұспа-тұс келген-тін. Сол кезеңде әкімдікке қарасты «Тұрғын үй Шымкент» компаниясының директоры Ернар Жиембай да айыпталушы ретінде танылған болатын.
Айыпталушы орындығында Әбдешовтен бөлек, Шымкент тұрғын үй басқармасының экс-басшысы Нұрбол Жүнісбеков те отыр. Сондай-ақ олармен бірге Тараз қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Алмасбек Бөбеев пен екі бірдей кәсіпкер Нұрбол Нұртаев және Қасиет Тәшімбетов сотталуда. Айыпталушылар алдын ала сөз байласып, мемлекет қазынасына аса ірі көлемде зиян келтірген дейді.
Тергеу мәліметіне сүйенсек, экс-шенділерге тағылған айып олардың Шымкенттегі қызметімен байланысты емес. Жамбыл облысында атқарған бұрынғы жұмыс кезеңіне қатысты кінә тағылып отыр.
Әбдешов-Жүнісбеков тандемі аймақтағы сәулет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын басқарып тұрған кезінде мердігер компаниялармен астыртын мәмілеге барған.
«Шенеуніктер кәсіпкерлермен бірлесіп, іс жүзінде атқарылмаған жұмыстың құжаттарын заңдастыру арқылы миллиондаған бюджет қаржысын қолды қылды», — деп есептейді тергеушілер.
Атышулы Әбдешов 2020 жылдың тамызы мен 2022 жылдың қазаны аралығында Жамбыл облыстық сәулет басқармасын басқарса, кейін 2023 жылдың желтоқсанына дейін Тараз қаласында дәл осындай бөлімге жетекшілік еткен. Сәулетші Шымкенттегі басқарма тізгінін 2025 жылдың ақпан айында ғана қолға алған еді.
Күдіктілерге тағылған бап мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







