Сенат қарапайым қызметтегі азаматтардың мүддесін қорғайтын маңызды заң жобасын мақұлдады. Құжаттың мақсатын заң авторы, депутат Асхат Аймағамбетов егжей-тегжейлі тарқатып берді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Заңдағы жаңа талап жұмысшылардың, қызметкерлердің күнделікті өмірінде жылдар бойы кездесіп келген нақты қиындықтарды шешуге бағытталған.
«Жұмыс беруші енді сізді медициналық тексерістен өтуге міндетті түрде жібереді және орташа жалақыңызды, жұмыс орныңызды сақтауға тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі eGov арқылы сізге тексеруден өтуге шақырып, SMS немесе push-хабарлама жібереді. Кадр бөлімі сізді тексеруге жіберуге міндетті. «Естімедім», «жібермеді» деген сылтау енді жүрмейді», — дейді Аймағамбетов.
Өндіріс пен көлік қызметкерлері ауысым алдындағы медициналық тексеріске уақытын жоғалтатын. Бұл бұрын жұмыс уақытына жатпайтын, енді заң бойынша жұмыс уақытына қосылып, жалақысы төленеді.
Кәсіпорындар осы процесті автоматтандыруға мүдделі болады, әйтпесе артық жұмыс сағаты үшін ақы төлейді.
Жұмысқа қабылдамау себебі жазбаша беріледі
Бұдан былай жұмыс беруші жұмысқа қабылдаудан бас тартса, оның себебін жазбаша түсіндіруге міндетті. Әсіресе жүкті әйелдер мен кішкентай баласы бар аналар бұдан былай жазбаша түсініктеме талап ете алады. Бұл құжатпен еңбек инспекциясына немесе сотқа шағым түсіруге болады.
«Ең бастысы, енді тырнақ астынан кір іздеу тоқтатылады. Кішкене қателік үшін адамды бірден жұмыстан шығаруға болмайды. Заң жұмыс берушіні жаза қолданарда теріс қылықтың ауырлығын, мән-жайды және қызметкердің өкінетінін ескеруге міндеттейді. Жаза жасалған іске сай болуы керек», — деді Аймағамбетов.
Одан бөлек, ендігіде жұмыс шартыңыз, еңбекақыңыз, жұмыс уақытыңыз өзгерсе, жұмыс беруші бұл туралы 15 жұмыс күн бұрын жазбаша немесе ЭЦҚ арқылы ескертуге міндетті. «Ертеңнен бастап басқа тәртіппен жұмыс істейсің» деген ауызша нұсқау келмеске кетеді.
Еңбек шартыңыз ауырып жүрген кезде аяқталса, шарт мерзімі ұзарады
Егер еңбек шартыңыздың мерзімі ауырып жүргенде аяқталса, шарт мерзімі сіз жұмысқа шыққанға дейін автоматты түрде ұзартылады. Шарттың соңғы күні жұмысқа қайта оралған күннен кейінгі жұмыс күні болады.
Жұмыстан шығуға ешкім кедергі келтіре алмайды
Материалдық жауапты қызметкерлерді енді «істі тапсыруың керек» деген желеумен шексіз уақыт ұстап отыра алмайды. Бір ай ішінде барлық қабылдау-өткізу рәсімдері аяқталып, толық есеп айырысуға міндетті. Келіспеушіліктер азаматтық-құқықтық жолмен шешілуі тиіс.
Сонымен бірге еңбекті қорғау бойынша техникалық инспекторлардың құқығы заң жүзінде бекітілді. Олар кез келген уақытта жұмыс орындарын тексере алады, құжаттарды қарап, жазатайым оқиғаларды зерттеуге тікелей қатысады.
Ал өңірдегі еңбек дауларына енді әкімдіктер жауапты
Аймақ әкімдіктері енді заң бойынша еңбек жанжалдарының алдын алуға, сондай-ақ үшжақты комиссиялардың жұмысын тұрақты түрде ұйымдастыруға міндетті болады.
Қызметкердің ар-намысы, жеке өмірінің қол сұғылмауы және қадір-қасиеті заңмен қорғалады. Жұмыс орнында басшылық тарапынан дөрекілік көрсету, жеке өмірге араласу, буллинг енді тікелей Еңбек кодексін бұзу болып саналады.
«Бұл ма, бұл қарапайым еңбек адамына нақты қорғау тетігін беретін өзгерістер. Енді ең бастысы әр азамат өз құқығын біліп, қолдана білуі қажет», – деді Асхат Аймағамбетов.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







