Шығыс Қазақстан облысында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында журналистерге пәтер кілті табысталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңірде кәсіби мерекеге арналған салтанатты шара өтті. Ақпарат саласы өкілдерін ұлықтаған жиынға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, журналистердің қоғамдағы маңызды рөліне тоқталды.
Облыс әкімі бұқаралық ақпарат құралдары мемлекет пен халық арасындағы алтын көпір екенін атап өтті. Оның айтуынша, шынайы ақпарат тарату, қоғамдық пікір қалыптастыру және ел бірлігін нығайту жолындағы журналистер еңбегі әрдайым жоғары бағалануы керек.
Биылғы мерекенің басты жаңалығының бірі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне тұрғын үй беру бастамасының іске асуы болды. Бұл қолдау өңір журналистері үшін алғаш рет жүзеге асырылып отыр.
Салтанатты рәсім барысында «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі Олжас Керейхан мен «Altainews» медиа орталығының тілшісі Айдос Мырзахметовке жаңа пәтердің кілті табысталды.
Журналистикаға жасалған нақты қолдау
Олжас Керейхан бұл бастаманы журналистер қауымы үшін маңызды әлеуметтік қолдау деп бағалады. Оның айтуынша, бұған дейін ақпарат саласы өкілдерінің әлеуметтік бағдарламаларға қатысуында белгілі бір қиындық болған. Себебі көптеген журналист жекеменшік бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етеді.
– Соңғы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасымен журналистердің әлеуметтік жағдайына көңіл бөлініп, нақты қолдау көрсетіле бастағаны қуантады. Бұл тек мен үшін емес, барлық әріптестерім үшін үлкен мүмкіндік. Журналист үнемі халықтың мәселесін көтеріп, қоғамның үнін жеткізеді. Ал осындай қолдауды сезіну бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Көрсетілген сенім үшін алғыс білдіремін. Бұл жаңа күш-жігермен еңбек етуге ынталандырады, – деді Олжас Керейхан.

Айдос Мырзахметов те жаңа пәтер кілтін алу отбасына үлкен қуаныш сыйлағанын айтты. Ол журналистика уақытпен санаспайтын, жауапкершілігі ауыр мамандық екенін атап өтті.
– Бұл мен үшін ғана емес, отбасым үшін де үлкен қуаныш. Журналистика уақытпен санаспайтын, үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Осындай еңбектің еленіп, мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетілуі ерекше қуантады. Мемлекет басшысына және облыс басшылығына өңір журналистеріне көрсеткен қамқорлығы үшін шынайы алғысымды білдіремін. Бұл бізге жаңа серпін беріп, ел игілігі үшін аянбай еңбек етуге жігерлендіреді, – деді Айдос Мырзахметов.
Журналистерге тұрғын үй беру бастамасы ақпарат саласының әлеуметтік мәртебесін арттыруға бағытталған нақты қадам саналады. Мұндай қолдау медиа қызметкерлерінің кәсіби еңбегіне берілген баға ғана емес, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін де күшейтеді.
Шығыс Қазақстандағы салтанатты шара өңір журналистикасына көрсетілген құрметтің айқын көрінісі болды. Ақпарат саласы өкілдері үшін бұл мереке кәсіби еңбектің еленгенін және журналистердің қоғамдағы орны жоғары бағаланатынын көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







