Қазақстанда шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес биылғы қорғаныс жұмыстары толық аяқталды. Химиялық өңдеу 1,8 миллион гектар аумақта жүргізіліп, ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдалуына жол берілген жоқ, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Соңғы екі жылда фитосанитариялық қызметтің жұмыс тәсілі айтарлықтай өзгерді. Шегірткеге қарсы өңделетін аумақ 3,1 миллион гектардан 1,8 миллион гектарға дейін қысқарып, 42 пайызға азайған. Министрлік мұны зиянкестер ошақтарын ерте анықтап, таралмай тұрып оқшаулаудың нәтижесімен байланыстырады.
Бұрын негізгі күш шегіртке жаппай тарағаннан кейін оны жоюға жұмсалатын. Қазір мониторинг арқылы қауіп алдын ала бағаланып, өңдеу нақты ошақтарға бағытталады. Мұндай тәсіл егістікке түсетін қатерді азайтып, пестицид пен техниканы тиімді пайдалануға мүмкіндік берді.
Өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізу мен химиялық өңдеуді жүргізу бірыңғай сатып алу жүйесіне біріктірілді. Соның арқасында жұмыстың түпкі нәтижесі үшін жауапкершілік нақты бір мердігерге жүктеледі. Жаңа тәртіп препаратты кеш жеткізу мен өңдеу мерзімінің созылып кету қаупін төмендетуге тиіс.
Жүргізілген өзгерістер бюджет шығынын да қысқартты. 2026 жылы шегірткеге қарсы күреске жұмсалатын қаржы 2024 жылмен салыстырғанда 2 миллиард теңгеге немесе 25 пайызға азайған. Үнем химиялық өңдеудің көлемін дәл жоспарлау және жұмысты нысаналы жүргізу есебінен қалыптасты.
Фитосанитариялық ахуалды бақылауға FITOCENTRE геоақпараттық жүйесі енгізілді. Платформа зерттеу нәтижелерін цифрлық форматта тіркеп, зиянкестер тараған аумақтарды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Жиналған мәлімет жедел шешім қабылдап, техниканы қажетті жерге дер кезінде жіберуге пайдаланылады.
Материалдық-техникалық база да күшейтілді. Мониторинг пен химиялық өңдеуге арналған 103 дрон сатып алынып, бүрку техникасының саны 427-ден 556 бірлікке дейін артты. Ұшқышсыз аппараттар әсіресе көлікпен жету қиын аумақтарды зерттеуге және шағын ошақтарды дәл өңдеуге қолданылады.
Қазір шекара маңындағы өңірлердегі фитосанитариялық жағдай тұрақты деп бағаланып отыр. Көрші елдерден шегіртке үйірлерінің көшіп келу дерегі тіркелмеген, ал қажетті техника қауіпті бағыттарға алдын ала шоғырландырылған. Ауыл шаруашылығы министрлігі егістік алқаптарына үздіксіз мониторинг жүргізіп, жағдайды ерекше бақылауда ұстайды.
Шегірткемен күрестегі басты нәтиже өңделген гектардың көптігімен өлшенбейді. Негізгі көрсеткіш – зиянкесті ерте байқап, егінге жетпей тоқтату және шаруалардың өнімін аман сақтау. Биылғы науқан фитосанитариялық қызметтің жаппай химиялық өңдеуден дәл есеп пен жедел әрекетке негізделген жүйеге көшіп келе жатқанын көрсетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







