Талдықорғандағы Достық үйінде этномәдени кеңістік қағидатымен жұмыс істейтін этнокітапхана ашылды. Жаңа рухани орталық Жетісу өңірінің тарихы мен ерекшелігін танытып, түрлі этностың мәдени мұрасын кітап арқылы насихаттауға бағытталған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Кітапхана интерьерін безендіру кезінде қазақтың ұлттық мәдениетіне тән өрнек пен көркемдік элементтер кеңінен қолданылған. Оқу залында келушілерге кітап оқуға, өздігінен білім алуға және қажетті ақпарат іздеуге қолайлы жағдай жасалды. Рухани кеңістік облыс тұрғындары мен өңір қонақтарына тегін қызмет көрсетеді.
Этнокітапхана жастарға, студенттерге, мұғалімдерге, ғалымдарға және этномәдени бірлестік өкілдеріне арналған. Мұнда кітапсүйер кез келген азамат келіп, қордағы әдебиетті пайдалана алады. Орталықта мәдени-ағартушылық кездесулер мен ғылыми іс-шаралар өткізу де жоспарланған.
Кітапхана қорында шамамен 1500 басылым жинақталған. Олардың қатарында қазақ және әлем әдебиетінің таңдаулы шығармалары, сөздіктер, ғылыми-әдістемелік және балаларға арналған кітаптар бар. Жетісуда тұратын түрлі этнос тіліндегі тарихи әрі мәдени басылымдарға да арнайы орын берілген.
«Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Айдос Игембай жобаның негізгі мақсаты қоғамдық бірлік пен келісімді нығайту екенін айтты. Оның сөзінше, әдебиет халықтардың тарихы мен мәдениетін жақындастыратын маңызды рухани көпір саналады. Этнокітапхана тұрғындардың, әсіресе жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға тиіс.
Айдос Игембай кітап оқу мәдениеті өркениетті қоғам мен озық ұлт қалыптастырудың басты шарттарының бірі екенін атап өтті. Алдағы уақытта кітапхананы оқу-әдістемелік және ғылыми орталыққа айналдыру көзделген. Жобаға жастарды, оқытушыларды және зерттеушілерді кеңінен тарту жоспарланып отыр.
Орталықта Жетісу облысының этнодемографиялық және этномәдени ерекшеліктерін көрсететін цифрлық этнокарта да әзірленген. Жоба арқылы өңірдегі этностардың орналасуы, тарихы мен мәдени мұрасы туралы мәлімет алуға болады. Цифрлық құрал ғылыми зерттеу мен ағартушылық жұмысқа пайдаланылмақ.
Этномәдени бірлестік өкілдері кітапхананың ашылуын Достық үйінің қызметіндегі маңызды қадам деп бағалады. Олардың пікірінше, жаңа кеңістік тұрғындарға Қазақстандағы этностардың тілі, тарихы және мәдениетімен тереңірек танысуға мүмкіндік береді. Этнокітапхана Жетісу жұртының рухани және зияткерлік дамуына қызмет ететін заманауи мәдени орталыққа айналмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







