Журналист Гүлбану Әбенова кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов пен бұрынғы жұбайы Жанна Жанықұлова арасындағы мүліктік келісімге қатысты тың ақпарат жариялады деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, Жанна Жанықұлованың видеоүндеуінен кейін желі қолданушылары ажырасудан кейін оған қандай мүлік берілгені туралы жиі сұрай бастаған.
Әбенова бастапқыда бұл мәліметті Жанна Жанықұлованың өзінен алуға тырысқанын, алайда жауап болмаған соң даудың екінші тарапына жүгінгенін айтты. Кейін сол тарап өз нұсқасын ұсынған.
Журналист жариялаған мәліметке сәйкес, неке келісімі аясында бұрынғы жұбайына Алматыдағы элиталық коттедж қалашығындағы тұрғын үй, пентхаус және беделді тұрғын үй кешеніндегі тағы бір пәтер берілген. Жылжымайтын мүліктің жалпы құны шамамен 3 млрд теңге деп көрсетілген.
Бұдан бөлек, Жанна Жанықұловаға 3 млн АҚШ доллары, шамамен 100 млн теңге тұратын BMW X7 автокөлігі және балаларды асырауға ай сайын 5 млн теңге төлеу қарастырылғаны айтылды.
Жарияланған мәліметте балаларға арналған жеке жүргізушінің қызметі, бес баланың шетелде білім алу шығыны, Алматыдағы жекеменшік мектептерде оқуы және отбасының жылына екі рет Мальдив аралдарында демалысын ұйымдастыру да келісімнің бір бөлігі болғаны көрсетілген. Автордың жазуынша, тек шетелдегі оқу шығындарының өзі 1 млрд теңгеден асады.
Әбенованың келтірген дерегіне сәйкес, келісім бойынша қабылданған жалпы мүліктік міндеттемелер көлемі 6 млрд теңгеден асады.
Сондай-ақ журналистің мәліметінше, келісімнің шарттарының бірі ретінде Жанна Жанықұлованы ерлі-зайыптылардың ортақ бизнесіне қатысты банк пен кредиторлар алдындағы міндеттемелерден босату көзделген.
Жарияланым соңында Гүлбану Әбенова бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік даудың не себепті қоғам талқысына шыққанын және қоғамдық пікір мұндай жанжалдарда қысым көрсету құралына айналып кетпей ме деген сауал көтерді.
Айта кетейік, материал Гүлбану Әбенованың Facebook-тегі жазбасы негізінде әзірленді. Ондағы мәліметтер даудың бір тарапы ұсынған ақпаратқа сүйенеді және жарияланған сәтте тәуелсіз дереккөздер арқылы расталмаған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







