Қызылордада әлемге әйгілі испандық Roca Group компаниясының санитарлық-техникалық жабдықтар зауытының іргетасы қаланды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жоба «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Салтанатты рәсімге Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев, Roca Group компаниясының бас директоры Даниэль Хурадо Эрнандес, Испания елшілігінің сауда-экономикалық кеңесшісі Хесус Видаль Боррелья, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, құрылыс компанияларының директорлары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Roca Group – санитарлық-техникалық жабдықтар өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Ғасырдан астам тарихы бар компания қазір әлем бойынша 78 өндірістік алаңды басқарады. Онда 20 мыңнан астам адам еңбек етеді. Компания өнімдері 170-тен астам елге экспортталады.
Рәсімде облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту және заманауи өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмасына тоқталып, өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасып келе жатқанын атап өтті.
Өңір басшысының айтуынша, кейінгі жылдары Қызылорда облысының инвестициялық әлеуеті артып, ірі жобалар жүзеге аса бастады. Аймақ экономикасына 2,3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Алдағы үш жылда жалпы құны 1,9 трлн теңге болатын 48 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
«Бүгін біз еліміз үшін маңызды, жоғары технологиялық өндіріс орнының капсуласын салу рәсімінің куәсі болып отырмыз. Осындай ауқымды жобаны Сыр өңірінде жүзеге асырғаны үшін испандық Roca Group компаниясына ризашылығымды білдіремін. Бұл бастама өңір экономикасына жаңа серпін беріп, экспорттық әлеуетті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Біз отандық және шетелдік инвесторлармен әрдайым ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатып, нәтижелі жұмыс істеуге дайынбыз», деді Мұрат Ергешбаев.
500 мың бұйым шығаратын зауыт
Жиында облыс прокуроры Ризабек Ожаров пен Roca Group компаниясының бас директоры Даниэль Хурадо Эрнандес сөз сөйлеп, ел ағасы Ибрагим Әбибуллаев ақ батасын берді.
Roca Group зауытын Қызылорда өңірінде салу туралы келісім облысты Нұрлыбек Нәлібаев басқарған кезеңде жасалып, Үкімет деңгейінде тиісті құжаттарға қол қойылған болатын.
Жаңа зауыт Қазақстандағы экологиялық қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарына сәйкес санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын алғашқы өндіріс орны болмақ. Жобаға 24 гектар жер бөлінді. Инвестиция көлемі 44,1 млрд теңгені құрайды.
Зауыттың жылдық өндірістік қуаты 500 мың бұйымға дейін жетеді. Дайын өнім Қазақстанның ішкі нарығына жеткізіліп, Орталық Азия елдеріне экспортталады. Сонымен қатар 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті мамандарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру көзделген.
Компания жыл соңына дейін смесительдер мен инсталляциялық жүйелерді құрастыратын өндіріс орнын іске қосуды жоспарлап отыр. Ал Roca Group өнімдері ұсынылатын шоурумдар Астана және Алматы қалаларында маусым айында ашылады.
Қызылорда үшін бұл жоба тек жаңа зауыт құрылысы ғана емес. Ол өңір экономикасын әртараптандыруға, өндірістік мәдениетті жаңартуға, экспорттық әлеуетті күшейтуге және халықаралық брендтермен тікелей жұмыс істейтін жаңа өнеркәсіптік орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







