Шығыс Қазақстанда 2026 жылы 630 шақырым автомобиль жолы мен елді мекен көшесін жөндеу жоспарланған. Ауқымды жұмыс тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етіп, туристік және экономикалық бағыттардың қолжетімділігін арттыруға тиіс, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Өңірдегі республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы 5,2 мың шақырымды құрайды. Оған елді мекендердегі 5,4 мың шақырым көше желісін қосқанда, облыстың жол инфрақұрылымы 10,6 мың шақырымға жетеді. Биыл саланы дамытуға 56,9 миллиард теңге бағытталған.
Жөндеу жұмысының 330 шақырымы республикалық тасжолдарға тиесілі. Жергілікті жолдар мен елді мекен көшелерінің 300 шақырымнан астам бөлігі жаңартылады. Қазіргі уақытта облыстық және аудандық жолдардың 94 пайызы, республикалық бағыттардың 87 пайызы нормативтік талапқа сай келеді.
Негізгі жұмыс Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары, Өскемен – Риддер – Ресей шекарасы және Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – Ресей шекарасы бағыттарында жүргізіліп жатыр. Аталған жолдар облыс орталығын шекаралық аудандармен, туристік аймақтармен және ірі елді мекендермен байланыстырады. Олардың сапасы жолаушы тасымалына ғана емес, сауда мен кәсіпкерліктің дамуына да тікелей әсер етеді.
Туризмге жаңа дәліз ашылады
Ірі жобалардың бірі Өскеменнен Рахман қайнарына апаратын жолдағы Өрек асуын айналып өтетін жаңа бағыт. Бұрын асудың тік еңістері, күрт бұрылыстары мен қысқы көшкін қаупі жүргізушілерге елеулі қиындық туғызатын. Жаңа жол пайдалануға берілгеннен кейін осы учаскедегі қозғалыс қауіпсіз әрі қолайлы болмақ.
Жоба аясында Пихтовка өзені арқылы ұзындығы 175 метр көпір салынып жатыр. Оның кей тіректерінің биіктігі 45 метрге жетеді, құрылыс аяқталса, нысан Қазақстандағы ең биік таулы көпір саналады. Жаңа бағыт бұрынғы жолды төрт шақырымға қысқартып, Катонқарағай мен Рахман қайнарына қатынауды жеңілдетеді.
Жергілікті маңызы бар Өскемен – Тарғын – Самар, Күршім – Қалжыр, Васильевка – Бозанбай, Көкпекті – Самар – Васильев өткелі және Үлкен Нарын – Күршім бағыттары да кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр. Туристер жиі баратын Үлкен Нарын, Бұқтырма жағалауы, Сібе көлдері мен Марқакөлге апаратын жолдарға басымдық берілген. Осы бағыттардағы жалпы ұзындығы 215 шақырым жолда жөндеу басталды.

Жол сапасын бақылауға да ерекше мән беріліп отыр. Зертханалық тексеру KazRoadLab жүйесі арқылы жүргізіліп, облыстық маңызы бар жолдар E-Joldar ақпараттық жүйесіне енгізілген. Талапқа сәйкес келмеген учаскелерді мердігерлер өз қаражаты есебінен қайта жөндеуге міндетті.
Сапалы жол – жаңа асфальтпен ғана өлшенбейді. Ол шалғай ауыл тұрғындарының дәрігерге, мектепке және аудан орталығына уақытында жетуіне, кәсіпкердің өнімін нарыққа шығаруына, туристің табиғи орындарға қауіпсіз баруына мүмкіндік береді. Сондықтан әрбір жөнделген шақырым Шығыс Қазақстанның болашағына салынған ұзақ мерзімді инвестиция саналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







