Қазақстандағы алғашқы Құрылтай сайлауы мәресіне жақындап келеді. Сағат 16:00-дегі Орталық сайлау комиссиясының дерегі бойынша, 8 240 336 азамат дауыс беріп, сайлаушылардың қатысу көрсеткіші 65,37 пайызға жетті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Сайлау учаскелері жабыларға бірнеше сағат қалса да, азаматтардың белсенділігі бәсеңдеген жоқ. Тұрғындар учаскелерге отбасымен, балаларымен бірге келіп, жастар мен аға буын өкілдері қатар дауыс беріп жатыр.
Сайлау күні мәдениет, спорт және қоғам саласындағы танымал тұлғалар да өз таңдауын жасады. Өңірлерде дауыс беруге қатысты түрлі ерекше бастамалар ұйымдастырылып, сайлау учаскелеріндегі күнделікті көріністер мерекелік реңкпен толықты.
ОСК мәліметінше, сағат 16:00-де республика бойынша қатысу көрсеткіші 65,37 пайызды құрады. Ең жоғары белсенділік Қызылорда облысында тіркеліп, 81,38 пайызға жетті. Ал Алматы қаласында осы уақыттағы көрсеткіш 36,65 пайыз болды.
Сайлау күнінің соңғы сағаттарында өңірлердегі ерекше оқиғалар да жалғасып жатыр. Қонаев қаласында 40 байкер мотошерумен сайлау учаскесіне келіп, ұйымдасқан түрде дауыс берді. Ал Алматы облысының Қарасай ауданында Карповтар отбасы «Құрылтай» жазуы бар әуе шарымен ұшып келіп, сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.
Сайлау учаскелерінде азаматтардың отбасымен келуі де жиі байқалды. Бірқатар өңірде ауыл тұрғындары, еңбек ұжымдары, спортшылар мен шығармашылық өкілдері топтасып келіп, дауыс беруге қатысты.
Халықаралық байқаушылар да Қазақстандағы сайлау процесін бақылап отыр. Олар учаскелердің жұмысын, сайлаушыларға жасалған жағдайды және дауыс беру рәсімдерінің орындалуын қадағалауда.
Дауыс беру Қазақстан аумағымен ғана шектелмейді. Уақыт белдеулеріне сәйкес шетелдегі сайлау учаскелері де кезең-кезеңімен жұмысын бастады. Еуропа елдерінен кейін АҚШ, Бразилия және Канададағы учаскелер ашылып, сол мемлекеттерде жүрген Қазақстан азаматтары дауыс беруге мүмкіндік алды.
Осылайша алғашқы Құрылтай сайлауының негізгі кезеңі соңғы сағаттарына жетті. Учаскелер жабылғанға дейін азаматтар өз таңдауын жасауын жалғастырады, ал дауыс беру аяқталғаннан кейін сайлау комиссиялары қорытынды рәсімдерге кіріседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







