Ақтөбе қаласында Тахауи Ахтанов атындағы драма театрының жаңа ғимаратын салуға Үкімет резервінен 8 млрд теңге бөлінді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Қаржы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақтөбеде жаңа театр ғимаратын салу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында қарастырылып отыр.
Үкімет бөлген қаражат құрылыс жұмыстарын осы жылдың соңына дейін аяқтауға мүмкіндік береді. Тахауи Ахтанов атындағы драма театры Ақтөбе өңірінің мәдени өмірінде ерекше орны бар өнер ордасы саналады. Театрдың тарихы 80 жылдан асады.
Жаңа ғимарат Алтын орда шағын ауданында салынып жатыр. Театр 700 орынға есептелген. Нысанда өнердің қазіргі талаптарына сай үлкен және кіші зал, заманауи репетициялық бөлмелер мен сахналық кеңістіктер қарастырылған.
Театр маңында демалыс орталықтары, саябақ және қала тұрғындарына арналған стадион салу да жоспарланған. Осылайша жаңа нысан тек театр ғимараты ғана емес, тұрғындар демалатын, жастар өнерге жақындайтын, қала мәдениеті тыныс алатын үлкен қоғамдық кеңістікке айналмақ.
Ақтөбе қаласы мен облыс халқының саны кейінгі жылдары айтарлықтай өсті. Осыған байланысты мәдени инфрақұрылымды кеңейту, шығармашылық ұжымдарға қолайлы жағдай жасау және өңір тұрғындарына сапалы мәдени қызмет ұсыну қажеттігі артып отыр.
Жаңа театр ғимараты іске қосылғаннан кейін шығармашылық ұжымдардың жұмыс істеу мүмкіндігі кеңейеді. Сонымен қатар көрерменге ұсынылатын қойылым сапасын арттыруға, сахна техникасын жаңартуға және театр өнерін жаңа деңгейде дамытуға жол ашылады.
Тарихи-мәдени мұраны сақтау мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі ретінде жаңа Конституцияда бекітілген. Президент тапсырмаларын орындау аясында өткен жылы елімізде 61 мәдени нысан салынып, 250-ден астам мекеме жөндеуден өтті.
Ақтөбедегі жаңа театр құрылысы өңірдің рухани өміріне серпін беретін маңызды жоба болмақ. Өнер ордасының жаңаруы қала мәдениетінің де, қазақ театр өнерінің де өрісін кеңейтуге қызмет етеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







