Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов Париж Олимпиадасында боксшылардың кем кеткен тұсы қайсы екенін айтты, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Кеше министр Маржықпаев спортшылармен кездесу өткізіп, боксшыларға сын тақты. Тіпті «айтқан сөзде, берген уәдеде тұрмадыңыздар» деп түйреп өтті.
Ермахан Ибраимовтың айтуынша, боксшылардың демалыс базасында дайындалуы қате шешім болған.
«Олимпиаданы басынан-аяқ қарап, жанкүйер болып отырдым. Елдос Сметовтің алтын медалі, Ғұсман Қырғызбаевтың , атқыштардың қола медалі бізді бір серпілтіп тастады. Жалғасы болады деген сенімде болдық. Бірақ әттең. Боксшылар бірінің артынан бірі шығып, жеңіліс тауып жатты. Бірінші раундты жақсы бастайды, екінші раундта теңеседі, үшінші раундта жеңіледі. Көбі байқап отырды.
Мырзағали Айтжанов — тәжірибелі бапкер. Екі Олимпиадаға команда апарып келген. Сонда да бір қателік кетті, жігіттердің бір қайнауы аз болды. Олимпиадаға барған кезде үшінші раундта темп қосу керек. Сонда қарсыласыңның баратын жері болмай, жеңіліске ұшырауына тура келеді. Сондай боксты күттім. Бірақ ондай бокс болмады. Ішімнен өртендім, жандым. «Әттең-ай» деген сөздерді жиі айттым. Дайындықтан бір қателік кеткен. Қандай қателік болуы мүмкін? Соңғы дайындықты Мырзағали Айтжанов Түркістан облысы Алматау демалыс базасында өткізді. Спорттық база емес, демалыс базасында өткізді. Ал жазғы уақытта ол жерге демалушылар көп келеді, музыка ойнап жатады, қонақтар келіп жатады, оның арасында спирт ішетіндері бар, түнімен қыдыратындары бар. Оның бәрі қанша дегенмен де балалардың ойын басқа жаққа бөледі», — деді Ермахан Ибраимов Руслан Бақытжанға берген сұхбатында.
Олимпиададан кейін Мырзағали Айтжанов бастаған бапкерлер құрамы қызметінен кетті. Қоғамда бұл жаңалық бапкерлерге лайықты деңгейде хабарланбағаны қызу талқыланды. Артынша федерация Айтжановқа шапан жапқандарын жария етті. Айтжановтың орнына бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері болып 54 жастағы маман Қайрат Сәтжанов тағайындалды.
«Қазақстан бокс федерациясының шешімімен толық келісемін. Қазақстан бокс федерациясы бапкерлерді ауыстырмай тұрып-ақ бас бапкерлікке Қайрат Сәтжановты ұсынып қойған едім …Қайрат Сәтжановтың, бокс федерациясының қандай да шешімін қолдаймын», — деді боксшы Ибраимов.
Айта кетейік, биыл Парижде өткен Олимпиадада боксшы Нұрбек Оралбайдың ғана бағы жанып, Қазақстан қоржынына күміс медаль салды.