Танымал әнші Ақбота Керімбекова бұрынғы президенттің інісі, марқұм Болат Назарбаев туралы бұрын еш жерде айтпаған естелігін бөлісті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Әнші Назарбаевтың шаңырағына бірнеше рет қонақ болып барғанын айтты.
«Бірде Алматы облысында жаңа демалыс орны ашылды. Сол жерде өткен шараға бірнеше әнші қатыстық. Ол кезде қазіргідей нақты гонорар сұрап жүрмейміз. Алла куә, ол кісімен ешқашан есеп айырысып, келісім жасап көрген емеспіз. Бір-екі рет үйіне шақырып, дастархандас болып, әнімізді айтып қайтқанбыз. Қолымызға 100-200 доллардай ақша ұстатқан болар, нақты есімде жоқ», – деді әнші Adal Adam арнасына берген сұхбатында.
Ақбота Керімбекова Болат Назарбаевтың үйінде орын алған бір ыңғайсыз жағдай туралы да баяндады.
«Сол уақытта менің Саят Медеуовпен орындаған «Райым-ал мен бегім-ай» әніміз танымал еді. Болат ағамызға осы ән қатты ұнайтын. Тіпті екі-үш тойына арнайы шақырып, сол әнді айтқызды. Кейде өмірде мынадай жағдайлар болады: құрметтеп, сыйлап жүресің, жақындары, әріптестері, туыстары болған соң тегін де қатысатын кездерің болады. Бірақ күндердің күнінде сол адам тағы шақырса, «ренжімеңіз, бұл – біздің жұмысымыз, бала-шағамыз бар» деп, бір-екі рет бас тартып қалсаң, сенен жаман адам болмайды», – дейді ол.
Әншінің сөзінше, дәл осындай оқиға Болат Назарбаевтың үйіндегі той кезінде болған.
«Бұл жолы шақырғанда әріптесім телефонмен сөйлесіп, «алдыңғы бірнеше рет тегін барғанбыз, бұл да біздің еңбегіміз, енді гонорар төлесін» деген талап айттық. Сол кезде үйдегі жеңгеміз қатты ашуланып, «бұлар ақша сұрап, басымызға шықты, гонорар деп не айтып отыр?» деп шу шығарыпты. Содан кейін Болат Назарбаевтың шаңырағындағы тойларға мүлде қатыспайтын болдым. Бұл жағдай шамамен 2003-2004 жылдары болған еді», – деп еске алды Ақбота Керімбекова.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







