Заңгер, құқық қорғаушы Инга Иманбай Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тергеу дұрыс жүргізілмей жатқанын мәлімдеді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
Заңгер Ербаян Мұхтардың ісі бойынша тергеушіге іздеу салды.
«Бұл қалжың емес. Өкінішке орай тергеу бойынша жағдай осындай болып тұр. Оқиға болғанынан бір жылға жуық уақыт өткенімен, әлі де тергеу орнынан қозғалмай тұр. Мен іске қорғаушы ретінде кіріскен бесінші айдың ішінде тергеуші Уәлихан Қыдырбай сот медициналық сараптамадан өзге тергеу амалын жасаған жоқ. Оқиға орнынан фото, видео, іс материалдарымен таныстырған жоқ. Іс бойынша туындаған сауалдарға жауап алу үшін хабарлассақ, телефон қоңырауларына жауап бермейді. Сот-медициналық сараптама қорытындысы шықты ма, іс бойынша басқа да мән жайларды білу мүмкін емес», — деді ол.
Инга Иманбай тергеушінің үстінен ісіне құқықтық баға беріп, қылмыстық істі тергеу қандай сатыда екенінен ақпарат алу үшін Бас прокуратураға шағым түсіруге мәжбүр болған.
Енді олар жауабын күтпек.
Айта кетейік, бұған дейін депутат Нартай Аралбайұлы дүйім ел назарын тігіп отырған Ұлттық ұлан жауынгері Ербаян Мұхтардың жағдайына тоқталды.
«2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. Арты немен бітті дейсіз ғой, іс тараптардың бітімге келуімен жабылып қалған. 2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне 1-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен.
Ал таяуда орын алған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгері Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатыр. Жауаптылар «Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды» дейді. Бұған кім сенеді? Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген», — деді ол.